Көпбалалы ана әрі ісмер Алуа отбасында ғана емес, кәсібінде де енесінің ақыл-кеңесіне жүгінеді. Бірлігі жарасқан отбасы төл өнерді табыс көзіне айналдырған. Қос шебердің жасаған неше түрлі бұйымдарына жыл сайын сұраныс артып келеді.
Кенжила Мырзахмет, шебер:
«Келін ененің топырағынан»,- деген рас екен. Өзінің сүйген мамандығы Алуаның. Содан кейін келінім екеуміз сол бірігіп істеп жатырмыз ғой. Өшпейтін, өлмейтін қазақтың қолөнері ғой.
«Ою ойғанның ойы ұшқыр». Қос шебер әр өрнекке дейін назар аударады. «Қолөнер иесі болу оңай шаруа емес»,- дейді олар. Нағыз ісмерге төзім мен талғам, ептілік пен шеберлік керек.
Алуа Ұлықсат, келіні:
Көбіне сол қазақы киімдер,сәукеле,тақия сондай дүниелерді жасаймыз. Бағалары қолжетімді. Күрделі,қолмен тігетін осындай моншақтармен болса, ол сәл қымбаттау болады.
Қазір қыз-келіншектердің мереке, той-думанда ғана емес, заманауи үлгідегі ұлттық киім мен тақияны күнделікті өмірде киюі сәнге айналған. Бұл дәстүрге шеберлер де қуанып отыр. Олар киім тігумен қатар ұлттық нақыштағы кәдесыйлар да жасайды. Әзірге ауыл арасы мен Алматы қаласынан тапсырыс көп. Жасаған ерекше дүниелерін дүкендер де сатып алады.
Нұршат Шәріпхан, кәсіпкер:
Ұлттық нақыштағы киімдерді біз ашқанымызға бір жылдан астам уақыт болды.Бір жағы мына Алуалардың дүкенінен де алып келіп мына жерде прокатқа жасап жатырмыз. Қазақи киімдер өте көп қолданысқа ие болып тұр. Бұлардың саудасы өте жақсы қазір.
Кәсібін дөңгелеткен ене мен келін - әулеттің берекесі мен ұйытқысы. Екеуі де - көпбалалы ана. Енесі егіз қызды дүниеге әкелсе, Алуаның алты айлық егіз ұлы мен қызы бар. Осылайша өнерлі отбасы тұтас ауылға өнеге болып отыр.
Жазира Оразқызы