Аргентина астанасы Буэнос-Айресте мыңдаған адам көшеге шығып, экономикалық дағдарысқа наразылық білдірді. Шеруді солшылдар мен кәсіподақтар ұйымдастырған. Олар еңбек нарығы мен халық тұрмысының нашарлауына байланысты экономика министрі Сергио Массадан елмен кездесуді талап етті. Манифестанттардың айтуынша жаңа министр жұмыс орындарын көптеп ашып, әлеуметтік бағдарламалар қабылдап, инфляцияны тежеуге күш салуы керек. Аргентина – Латын Америкасының үшінші ірі экономикасы. Мұнда инфляция деңгейі биыл 90 пайызға жетеді деген болжам бар. Елде бағаның шарықтауына Ресей-Украина әскери жанжалы кесірінен әлемде энергетикалық ресурстар мен азық-түліктің қымбаттап кетуі себепші.
Арыстан Рысбек