Жамбыл облысында ауыл халқы қоғамдық көлікке зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында ауыл халқы қоғамдық көлікке зәру

10.08.2022

Бір жылдан бері ауыл тұрғындарының он бес шақырым жердегі қалаға қатынауы мұң болды. Аялдамада күніге айқай-шу. Автобус тоқтап қалған соң жұрт таксиге отыруға мәжбүр.

Жамбыл ауданына қарасты Бесағаш ауылында 5 мыңнан аса тұрғын бар. Облыс орталығына іргелес жатқан елді мекен халқының көпшілігі, қалаға қатынап жұмыс істейді. Студент балалары да бар. Орталыққа барып-келу үшін күніне кем дегенде 3-4 мың теңге жұмсайды.

Сағым Қайназаров, ауыл тұрғыны:

Әрі қарай 3 көлікпен, бері қарай 3 көлікпен қатынауға бірталай қаражат кетіп жатыр. Бес адам барып, қайтады сол автобуспен. Сонда бір күнде бір үйден 5 мың теңге тек қана жол-пұлға кетіп жатыр.

Зафира Сәпиева, ауыл тұрғыны:

Коронавирус кезінде жүрмеді. Одан кейін бір жыл жүрмеді. Одан кейін мен сұрағанда бір-екі күн ғана келді, сосын жүрмей қалды. Сайлау кезінде жүрсе жүрген шығар, 2-3 күн ғана жүрді, сосын жүрмей қалды.

Ал, ауыл әкімдігіндегілер жолақысы қымбат деп, қоғамдық көліктен халықтың өзі бас тартты дейді.

Әмина Мұхамедқалиева, Бесағаш ауылдық округі әкімдігінің қызметкері:

Неге жүрмей қойды? Өткендегі анау чатта тоқтаттық қой. Марат втобусын сатқанға дейін жүрді. Бәрі 150 теңгеге қарсы болды, мінбейміз деп.

Заң бойынша орталықтан 25 шақырым радиустағы елді мекендерді қала билігі қамтамасыз ету керек екен. Аудан әкімдігі бірнеше мәрте ұсыныс хат жазылсада еш жауап болмаған.

Қуаныш Қарашолақов, Жамбыл ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы:

Біз енді осы мәселені қолға алу үшін хат жолдап қойғанбыз. Ұйымастырушылар біздің құзіретімізде болмаған соң қалалық ЖКХ бөлімі өз тарапынан конкурс өткізуі тиіс.

Тараз әкімдігі автобус мәселесін 2 аптаның төңірегінде шешетінін айтты. Ал, жауапты басқарманың мәліметінше облыстағы елді мекендердің 96 пайызы қоғамдық көлікпен қамтылған. Қалған 4 пайызында осы сынды шешімін күткен мәселелер бар.

Нұрбол Болатұлы


Хабарламаларға жазылу