ҚХА хатшылығы қоғамдық қабылдау өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚХА хатшылығы қоғамдық қабылдау өткізді

28.03.2014
ҚХА хатшылығы қоғамдық қабылдау өткізді
Жамбыл облысында Қазақстан Халқы Ассамблеясының хатшылығы ұлтаралық байланысты дамыту бойынша қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға келген азаматтар ұлтаралық қарым-қатынасты одан әрі бекемдей түсуге байланысты көкейге түйген сауалдары мен ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
 
Бетпе-бет жүздесуде айтылған кейбір келелі ойлар енді алдағы сәуір айында Елордада өтетін Қазақстан Халқы Ассамблеясының келелі жиында ортақ әңгіме арқауына айналмақшы.
Қоғамдық қабылдауда болған азаматтардың бірі - Венера Сәлімова. Ол Тараз қаласындағы колледждердің бірінде сабақ береді. Әрі татар-башқұрт этномәдени бірлестігі басшысының орынбасары ретінде қоғамдық жұмысты да атқарады.
 
Қабылдауда ол этномәдени бірлестіктер өткізетін мәдени іс-шараларға өзге ұлт өкілдерін де белсенді қатыстыру және оған жастарды көбірек араластыру жайын қозғады. 
 
Венера Сәлімова, облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігі басшысының орынбасары:
Біздің өткізетін әрбір мәдени шарамыз Қазақстандық патриотизм сипатында болуы керек. Көп ұлтты мемлекетімізде ортақ тірлік пен ортақ түсінік болғанда ғана біз осы мақсатқа жетеміз. Ол үшін барлығымыз да мемлекеттік тілді меңгеруіміз қажет. Жастарды аға ұрпақтың ісін әрі қарай белсенді түрде жалғастыруға үйрету де біздің міндетіміз.
 
Өңірде Қазақстан Халықтары Ассамблеясының бұған дейінгі сессиясында сөз болған тапсырмалардың барлығы толығымен орындалды. Шалғай ауыл-аймақтарда Ассамблея күндерін өткізу дәстүрге айналды.
 
Жастардың тәрибесі, олардың тарапынан үлкендерге көрсетілетін сый-құрмет және мамандық пен кәсіп таңдауда дұрыс жол көрсету секілді тәлімді шаралар ұдайы жүргізіліп келеді.
Жақын күндері этномәдени бірлестіктері «Достық» үйіне ие болмақшы. Бұған дейін қоғамдық негізде жұмыс істеп келген белсенділер енді бұл іспен тұрақты айналысады. 
 
Лариса Лысова, Жамбыл облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясы хатшылығының басшысы:
Енді «Достық» үйінің жанында ғылыми сараптамалық топ жұмыс істейтін болады. Олар этносаралық мәселелерді жіті зерделеп өз ұсыныстарын айтады. Фольклорлық этнографиялық өнер топтарының да жұмысы жанданды. 
 
Ассамблея жұмысындағы мұндай өзгерістер ұлттар арасындағы ынтымақ пен қарым-қатынасты одан әрі нығайта түспек.
 
 
Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу