ШҚО: «Шығыс» ауылында орналасқан мектеп жаңа оқу жылына дайын емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО: «Шығыс» ауылында орналасқан мектеп жаңа оқу жылына дайын емес

05.08.2022

Өскемендегі «Шығыс» ауылында орналасқан мектеп жаңа оқу жылына дайын емес. Үш қабатты ғимараттың өткен қыста бір бөлігінің қабырғасы қақырап, едені опырылған. Білім ошағы жабылып 800-ге жуық шәкірт оқу жылын өзге мектептерде аяқтаған. Мамыр айында білім саласына жауапты басшылар қыркүйекке дейін оқу орны дайын болады деп, уәде еткен еді. Алайда жөндеу жұмыстары әлі басталмаған.

Еден осылай ақырындап опырыла бастағанда-ақ мұғалімдер үрейленіп құзырлы органдарға хабар берген. Ұзақ уақыт тексеруден кейін комиссия ғимарат оқуға жарамайды деген шешім шығарған. Мектептің салынғанына он жыл ғана болса да қабырғасы қақырап, іргесі сөгіле бастаған.

Жаңа оқу жылы жақындағанда мектептің жағдайын ақылдасуға келген салаға жауапты басшыларға ата-аналар мәселені төтесінен қойды.

Меруерт Қабдрасылқызы, ауыл тұрғыны:
Мамыр айында соңғы қоңырауда үйіп-төгіп уәдені бердіңіздер. Қыркүйекте ашылады деп. Қыркүйек болды. Енді екенші тоқсанда ашылады, деп уәде бересіздер ме?

Қалалық білім бөлімінің басшысы қыркүйектің бірінде мектеп ашылады деп уәде бере алмады. Сондықтан жоғарғы сыныптарды жөнделіп жатқан мектептің 2-ші 3-ші қабатында оқыта беруге шешім қабылданған. Бірақ ата-аналар баласының қауіпсіздігіне алаңдаулы.

Айнұр Жәңгірханова, ауыл тұрғыны:
Асхананың ішін өздеріңіз көрдіңіздер. Мынадай жарық. Сондай жағдайда қалай, балаларды 2-3 қабатқа оқытам деп отырсыздар? Жарайды сіздер беріңіздер. Сонда ата-аналар көзімізді жұмып қойып баламызды мектепке бере аламыз ба?
Жанаргүл Әумет, ауыл тұрғыны:
Жөндеу жүріп жатқанда 2-3 қабатқа бала оқытады деген миға сыймайтын, қисынсыз ғой. Мен мына жерге оқытпаймын баламды. Біздің баламыздың амандығына кепілдік бере ала ма?

Ата-аналар мектептің жабылғанына жеті ай өтсе де, әлі жөндеу жұмысы басталмағанына наразы.

Жігербек Ахмет, ауыл тұрғыны:
Бізде оны қаузайтын директор да болған жоқ. Ауылдың жағдайын сұрайтын әкім де болған жоқ. Мектеп мәселесі жағынан ата-аналарға шешімін айтатын. Жиналыс ашқан бір адам болған жоқ.

Білім басқармасының басшылары мектепті жөндеу жөніндегі құжаттарды дайындау мен келісім өте ұзаққа созылғанын айтады. Тендер де кеш өткізілген. Мердігер мекеме де енді ғана анықталды дейді олар.

Сәуле Алагөзова, қалалық Білім бөлімінің меңгерушісі:
Жалпы келісім-шартта жазылатын болады. Енді күрделі жөндеу жұмысы болғандықтан үш айға дейін баруы мүмкін. Егерде біз бұл ғимартқа рұқсат алатын болсақ, қауіпсіздік мәселесіне ғимараттың ішінде де, сыртында да кезекшілік ұйымдастырылады.

Қабырғасы қақырып, едені опырылған мектепті жөндеу үшін бюджеттен 229 миллион теңге бөлінді. Енді ата-аналар мен мұғалімдер жұмыстың тез басталып, уақытылы аяқталуын күтіп отыр.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу