Эпидахуал: Ауруханада жатқан 3 баланың жағдайы ауыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Эпидахуал: Ауруханада жатқан 3 баланың жағдайы ауыр

04.08.2022

Елордада мемлекеттік қызметкерлердің арасында коронавирус кең таралып жатыр. Күніне 100-ден астам шенеуніктен вирус анықталуда. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты. Сонымен бірге, балалар арасында да дерт дендеп тұр. Ауруханада жатқан 3 баланың жағдайы ауыр. 

Қазір коронавирус инфекциясымен ауырып жатқандардың 40 пайызы балалар. Бұған Денсаулық сақтау министрі де алаңдаулы. Қазір кәмелетке толмаған науқастарға көп көңіл бөлініп жатыр, дейді.

Жалпы, жыл басталғалы COVID-19-ды 6 мыңнан аса бала жұқтырған. Қазір ауруханада 423 бала емделіп жатыр. Елдің бас дәрігері білім беру ұйымдарының жұмысына қатысты да жауап берді. Оқушылардың оффлайн немесе онлайн оқитыны қыркүйек айына жақындағанда шешіледі. Сол кездегі эпидахуалға байланысты болмақ.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Әрбір баланың денсаулығын министрліктің деңгейінде қарап отырамыз. Оны айтып кеткем алдын да. Жедел штабымыз бар. Балалардың денсаулығы күнделікті қаралып отырады. Бүгінгі таңда осы ауырған балалардың ішінде ауру 21 пайызында жеңіл түрде өтіп жатыр. 77 пайызы ортша өтіп жатыр. Ал, 0,7 пайызы ол қатаң түрде яғни қазір үш бала реанимацияда жатыр.

Өткен тәулікте COVID-19 2792 адамнан анықталды. Қазір респбулика бойынша індеттен 28 мыңнан аса науқас емделіп жатыр. 1500 науқас ауруханады. Оның 43- і жансақтау бөлімінде. 35 адамның жағдайы ауыр.

Ажар Ғиният халық әр алты ай сайын індетке қарсы екпе алуға шақырды. Вирустан қорғанудың жалғыз жолы осы, дейді.

Сондай-ақ әлемнің 69 елінде коронавирус өршіп тұр. Әсіресе, көрші Ресейде, 68 пайызға өсіпті. Мәскеудегі әріптесім Индира Бегайдар елдегі ахуал бойынша толық ақпарат береді.

Асылбек Данияр

Ресейде бір тәулікте коронавирус жұқтырғандар саны 17 мыңнан асты. Бұл - алтыншы сәуірден бергі рекордтық көрсеткіш. Сондықтан, ел билігі қайтадан вакцинациялауды міндеттеуі мүмкін. Өйткені барлық карантиндік шектеулер алынған соң, вирус жұқтырғандар бірден артқан. Қазір 41 өңірде коронавируспен ауруханаға түскендер көбейді. Олардың 90 пайызында омикронның жаңа штамы анықталған.

Александр Арутюнов, дәрігер:
Вирус бірнеше рет мутацияға ұшырады. Алдағы уақытта да жаңа штамдар тіркеледі деп ойлаймын, бәріне дайын болуымыз керек. Алғашында аурумен күрес қиын болды. Қазір вакцина жеткілікті. Тек сақтық шараларын сақтап жүрген жөн.

Вирусологтар аурудың шарықтау шегі жаздың соңында болатынын айтады. Жаңа штамдардың белгілері тұмауға ұқсағандықтан, кей ауруханаларда тіпті тұмауға қарсы екпені қолданып жатыр. Ал бірнеше өңірге жуырда мұрын арқылы тамызатын вакцина жеткізіледі. Дәрігерлер бұл вакцина адам ағзасында жарты жыл коронавирусқа қарсы иммунитет қалыптастыратынын жеткізді.

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу