Алматыда 13 шетелдік азамат құлдықтан босатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 13 шетелдік азамат құлдықтан босатылды

04.08.2022

Өзбекстанның 13 азаматын Алматыда құлдықта ұстаған. Бұл туралы шаһардағы көрші елдің консулдығы хабарлады.

Консулдық өкілдерінің сөзінше, жергілікті тұрғындардан құралған топ шетелдік иммигранттарды жеке үйге қамап, заттары мен құжаттарын тартып алған. Осылайша оларды тегін жұмыс күші ретінде пайдаланғысы келген. Консулдық қызметкерлері мен полицейлер құлдықта болғандарды азат етті.

Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қазіргі таңда Бостандық аудандық полиция басқармасында тергелуде. Осы істің толық мән-жайын анықтауға бағытталған іс-шаралар қолға алынды.

Құлдықта болған азаматтарды осы бағытта жұмыс істейтін қоғамдық қор уақытша баспана және азық-түлікпен қамтамасыз етіп, Өзбекстанға аттандырған. Ресми ақпаратқа сүйенсек жапа шеккендердің 9-ы Сұрхандария облысының, қалғаны Ташкент қаласының тұрғындары.

Диана Бақыт, қоғамдық қор өкілі:

Олардың арасында 18 жастағы бозбалалар болды. Айтуларынша Қазақстанға бұған дейін де келіп, жұмыс істеген. Біз оларға барынша жағдай жасап, еліне аттандырдық. Қазір барлығы үйлерінде. Отбасыларының жанында.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу