Маңғыстауда нөсер салдарынан көшелерді су басып, жарық сөнді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда нөсер салдарынан көшелерді су басып, жарық сөнді

28.07.2022

Маңғыстау облысында толассыз жауған нөсер жауыннан кейін жолдарды су басып, көлік қатынасы қиындады. Ақтау қаласында жаңбырмен қоса, қатты жел соғып, бірнеше шағын аудан тұрғындары электр жарығынсыз қалған

Облыс көлемінде нөсер жауын кеше түнде басталды. Салдарынан Маңғыстау ауданы Жыңғылды ауылында тас жолды тасқын су шайып кетті. Дегенмен, елді мекенге баратын екінші жол болғандықтан, көлік қатынасы тоқтамаған. Ал Ақтауда көшелер суға толып, қозғалыс қиындады. Қатты желдің салдарынан бірнеше шағын аудан жарықсыз қалды. Мамандар теңертеңнен жөндеу жұмыстарын жүргізіп, түске таман электр жарығын қайта қосты..

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Ақтауда 21-шағын аудандағы жолда кептеліс себебі жолмен өту мүмкін емес. Кейбір көліктер кері бұрылып кетіп жатыр.Оның үстіне жолмен өткізілген кәріз құбыры жарылып, кәріз суы нәсер жауынмен араласып ағуда.

Лас судың кесірінен айналаны жағымсыз иіс жайлаған. Ең сорақысы сол жерде жұмыс істейтін жұмысшылар мекемелеріне жете алмай қалды.

Нұрберген Бердімұратов, Ақтау қаласының тұрғыны:

Мына судан мен жұмысыма өте алмай тұрмын. Таңертеңнен бері тұрмын. Бастықтарыма ескерттім кіре алмаймын деп. Көлік таңертең сөніп қалды. содан бері жаңа қыздырдым құдайға шүкір.

Талас Өсербаев, Ақтау қаласының тұрғыны:

Мына жаңбыр жауған жақсы ғой енді, қаланың дайындығы жоқ. Суының ағар жері жоқ. Аялдамадан түсірмей, бірталай жерге апарып түсіріп тастады. Аялдаманың қақ ортасы қара көл. Автобус бара алмайды.

Нөсер жауыннан бірқатар кәсіпкерлік нысандар да зардап шекті. Дархан Жұмалиевтің жиһаз цехы судың астында қалған. Тапсырыспен әзірленген бұйымдары мен құралдары жарамсыз күйге түсті.

Дархан Жұмалиев, жеке кәсіпкер:

4 млн 5 млн-ның жобасы шығын бұл станоктарды қоспағанда тек тұтынушылардың жұмысын айтып тұрмын. Станоктардың өзі суға кетті. Казір тоқ қосуға қорқып отырмыз.

Қалада суағар бар. Олар жыл басында тексеріліп, жөндеуден өткен дейді, әкімдіктегілер. Алайда, жауын суы суағарлары жоқ көшелерде, соның ішінде 24 нысанның алдында жиналған.

Алпысбай Таубаев, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары:

Су жиналатын орындарды толықтай біз анықтадық. Тиісті құжаты жасалып, бюджетке ұсыныс беретін боламыз. Яғни бұрынғы бізде бар суағарларды кеңейту мақсатында сонымен қатар жоқ жерлерге жаңа суағарлар салу бағытында жұмыстар жүргіземіз.

Қаладағы коммуналдық қызметтер кеше түннен бері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Осы кезге дейін 30 мың текше метрге жуық су сорылған. Көшелерді судан тазалау жұмыстары әлі де жалғасады.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу