Ақтауда перинаталдық орталық пен тұрғын үйлер су астында қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда перинаталдық орталық пен тұрғын үйлер су астында қалды

06.08.2020

Маңғыстауда толассыз жауған жауын-шашынның салдарынан Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында көшелер мен тұрғын үйлерді су басты. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Коммуналдық қызмет өкілдері аулалар мен жол бойына жиналған суды әлі тазартуда. Ал, пәтерлеріне су кірген тұрғындарға көмекке ешкім келмеген. Аймақта 2 тәуліктен бері жаңбыр толастамай тұр. Кеше Форт Шевченко қаласының көшелерін су басып, соңы селге ұласқанын хабарлаған едік.

Нөсер жауыннан Ақтау қаласындағы 19-шы шағын ауданның тұрғындары зардап шекті. Олар тұратын тұрғын үй кешені әп сәтте су астында қалған. Шатырдан аққан су подъезді шайып, бірнеше пәтерді блдірді.

Мейрамгүл Жолдасова, Ақтау қаласының тұрғыны:

«Түнімен 3-4 сағат әйтеуір су тасумен болдық. Подъезд кетті, лифт кетті. Мамандар бәрі біткесін келді. Звондадық барлығына аварейкіден де барлығы біткен кезде келді.»

Асқар Шаңытбаев, Ақтау қаласының тұрғыны:

«Қандай болып ақты мына баспалдақтардан мүмкін емес енді. Сонда мұның төбесі дұыс жабылмаған деген сөз. Менің балам түнгі 4-ке дейін тонна жерге тас төсеп, құм төсеп ана парковкі деген бар ғой солардың бәрі жасалмаған.»

Болған жағдайға тұрғын үйді салған компания кінәлі болып шықты. Себебі, арнайы құрылған комиссия шатырдағы су ағарда қоқыс қалдықтарының жиналғанын анықтады.

Ақтау қаласында бұдан бөлек тағы 10 тұрғын нөсер жауыннан зардап шеккен. Облыстық перинаталдық орталықтың да жертөлесі суға толды. Бірнеше үйдің ауласы мен автомобиль жолдары тазартылды.

Мұнайлы ауданында да көшелерді судан тазарту жұмыстары жүргізілуде. Қазгидромет орталығының мәліметіне сүйенсек, кеше түнде өңірге 66 миллиметр жауын-шашын түскен. Бұл бір айлық нормадан 11 есе көп.


Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу