Президент Үкіметтің жұмысын сынға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Үкіметтің жұмысын сынға алды

14.07.2022

Күзге қарай елде ауқымды кадрлық ауыс-түйістер болуы мүмкін. Оған үкімет мүшелерінің Президенттен «үш» деген баға алуы себеп. Бүгін кеңейтілген отырыста үш бірдей министр мемлекет басшысынан сөгіс естіп, тағы біреуі ескерту алды. Қасым-Жомарт Тоқаев бағаны тұрақтандыруға келгенде, министрлер кабинеті сылбырлық танытқанын айтты. Баяғы әдіс, жаңа идеялар жоқ деп сөкті. Жиында қат болған қант проблемасы, ауыл шаруашылығы мен жол мәселесі, аспандаған баға мен халық табысын арттыру жайы айтылып, үкіметке нақты тапсырмалар берілді.

Әлихан Смайылов бастаған үкіметтің жасақталғанына жарты жылдан енді асты. 2022 жыл министрлер кабинетіне үлкен сынақтар кезеңі боп тұр. Жер-жиһандағы күрделі геосаяси ахуал мен әлемді әбігерге салған қымбатшылықтың салқыны бізге де тиіп жатыр. Инфляция 14,5 пайызға жетіп, 2015 жылғы деңгейден асып кетті. Үкіметтің жұмысы Президенттің кіріспе сөзінен бастап-ақ сынға ілікті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Халықаралық институттар Қазақстанның ішкі жалпы өнімі биыл 2 пайызға ғана өседі деп болжап отыр. Бұған дейін олар өсім 3,7 пайыз болатынын айтқан еді. Бұл үкімет жұмысының нақты көрсеткіші болып табылады.
Қазір елді жаппай қымбатшылық жайлағанын бәрі көріп, біліп отыр. Азық-түлік бағасы бірден 80 пайызға өсті. Қараша халықтың тапқан-таянғаны ішіп-жеуден артылмайды. Ал бағаны бақылауға алуға тиісті биліктегілер баяғы әдіске салып, дүкендерді аралау мен қазынадан қосымаша ақша сұраудан аса алмай отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Яғни, қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес жүріп жатыр. Ал, шын мәнінде, керісінше болуы керек.Үкімет бар жауапкершілікті өңірлерге артып қойды. Олар әкімшілік ресурсты пайдаланып, дүкендерді аралап жүр, басқа тәсілдер және жаңа идеялар жоқ. Мұндай жұмыс ешқашан тиімді болған емес. Бір сөзбен айтқанда, нарық заңдылығына сай келетін жаңа ұстаным жоқ.
Нарықта қазір қант та жоқ. Дүкенге түскен шекерді халық жапа тармағай алып кетіп жатыр. Тәтті өнімнің 90 пайызы шеттен келеді. Яғни өзгеге тәуелдіміз. Осы олқылыққа жол берген қос министр Бақыт Сұлтанов пен Ербол Қарашөкеевке президент сөгіс жариялады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл жерде Еуразиялық экономикалық одақтың аясындағы шешімдерге сілтеуге болады. Бірақ, бұл – бәрібір Үкіметтің үлкен кемшілігі, яғни мемлекеттің ұстанымын қорғай алмады. Сондықтан, мен министрлер Бақыт Сұлтанов пен Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялаймын.
Үкіметке шұғыл тәртіпте қант саласын дамытудың жеке салалық жобасын әзірлеу керек.
Соңғы кезде киік мәселесі де күйіп тұр. Соған жауапты экология министрі Серікқали Брекешов бітімді іс жүргізе алмады. 80 мың ақбөкенді ату қазақ менталитетіне оғаш қылық деген президент оған сөгіс жариялады. Аутсайдер министрлер қатарында Бағдат Мусин де бар. Цифрландыру жұмысының баяу жүріп жатқаны үшін оған ескерту берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Жалпы цифрландыру баяу жүріп жатыр. Министрге ескерту жасаймын. Менің ойымша сіздің жұмысыңыз өз деңгейінде емес. Премьер-министрді ұятқа қалдырып отырсыз.
Халықтың табысын арттыру атқамінерлердің басты міндеті. Алайда олар бұны орындай алмай отыр. Мамыр айында азаматтардың нақты табысы өсудің орнына керісінше 3 пайызға төмендеп кеткен.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданды. Бірақ, оның жұртқа тигізіп жатқан пайдасы шамалы. Ең алдымен, жергілікті жерлерде тиімді жұмыс жүргізілуі керек. Әкімдер жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуы тиіс. Менің білуімше, бұл бағытта нақты нәтиже жоқ. Тағы да ескертемін. Өңір басшыларының жұмысын бағалаған кезде осы көрсеткішке баса мән береміз.
Тағы бір өзекті мәселе. Елде ана мен бала өлімі көбейген. Жалпы медицина саласы ақсап тұр. Жыл сайын қомақты қаражат бөлініп -ақ жатыр. Алайда қордаланған мәселелердің шешімі жоқ. Президент шұғыл шараларды қабылдауды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тиімді болмады, нақты нәтиже жоқ. Үш миллионға жуық адам медициналық сақтандырудан тыс қалған. Соның кесірінен олар денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді толық пайдалана алмайды. Үкімет Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындауы керек.
Қаржы секторындағы жағдай да мәз емес. Шағын ғана жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекеттен көмек сұралады. Ал елдегі банктердің меншігінде 11 трлн теңге бар. Яғни мүмкіндік болғанымен, ынта жоқ. Банктер экономиканың нақты секторына молынан қаржы құюы керек. Мүмкіндік демекші қазір санкцияға байланысты Ресейдегі компаниялар өзге елдерге көшіп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сәтті қалт жіберіп алмай, инвесторларды елге тартуды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз инвестициялық капитал үшін жаһандық күрес болып жатқанына куә болып отырмыз. 1 400 шетелдік ірі компанияның тең жартысы жұмысын тоқтатып, Ресей нарығынан кетті. Үкіметке Қазақстанда солардың қолайлы релокациясына жағдай жасау керек. Бұл бізге тауарлардың өндірісін арттыруымызға мүмкіндік береді.
Қара алтынға бай ел болсақ та жыл сайын мұнай өнімдерінің тапшылығы болады. Мамандар биылғы күзде де 100 мың тоннна дизель отыны жетіспейді деп отыр. Бұған мұнай өңдеу зауыттарының қайта-қайта тоқтауы мен жағармайдың қара нарық арқылы шетке шығуы себеп.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл жағдай жылдан жылға, егін жинау кезінде қалыптасады. Бірақ мәселенің түп-тамыры тереңде жатыр. Қазақстанның мұнай өнімдерін көрші мемлекеттерге экспорттаудың ұйымдастырылған, реттелген схемалары бар. Бұл мәселені шешуі керек. Маған бұл іспен нақты кім айналысатыны туралы ақпарат беріңіздер. Содан кейін біз нақты шешім қабылдаймыз. Сондай-ақ Үкіметке, бәсекелестікті қорғау агенттігіне транзиттік көлік үшін және шекара периметрі бойынша мұнай өнімдерінің сараланған бағаларын тұжырымдауды тапсырамын.
Қасым-Жомарт Тоқаев айта-айта жауыр болған автожол мәселесіне ерекше тоқталды. Биыл 11 мыңнан астам шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Оның нақты дәлелі мынадай болса керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Тіпті, басқа жерді айтпағанның өзінде Ақордаға апаратын жолдың өзі жамау-жамау, құрақ көрпеге ұқсайтын болды. Жалпы, бұл салада қордаланған мәселе көп. Тендерді жыл сайын бірді-екілі компания ғана ұтып алады. Мұндай жағдайдың қайталанып келе жатқанына ондаған жыл болды. Осының бәрін ретке келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдау керек.
Бұл салаға түбегейлі реформа жасайтын уақыт жетті. Қазір еліміздегі жолдың жай-күйін қадағалап, қызмет көрсететін екі негізгі оператор бар. Қазавтожол және Қазавтодор. Турасын айтсақ, екеуі де бір жұмысты атқарып отыр, жұмысшыларының саны да қажетті шамадан артық. Енді олардың орнына Қазақстанның біртұтас автожол компаниясы құрылады. Тендр мәселесінде де былық көп.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Кейбір ірі компаниялардың еңбек және материалдық ресурстары жеткіліксіз. Соған қарамастан, олар тендерді ұтып алып, жұмысты мердігерге ысыра салады. Осындай ахуал жылда қайталанады. Тіпті, жұмыстың 100 пайызы басқа мердігерге тапсырылғаны жөнінде мәліметтер бар. Мысалы, Қарағанды–Балқаш автожолын 363 шақырым жөндеу жұмыстары 2019 жылдан бері жалғасып келеді.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Бір жарым сағатқа жалғасқан жиынның соңында Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің жұмысына орташа, яғни «үш» деген баға берді. Жұмыс қарқынын барынша күшейту қажет. Жаңа, тың әдіс-тәсілдерді қолдану керек екенін айтты. Олай болмаған жағдайда күзге қарай кадрлық шешімдерді қабылдау керек болатынын ескертті.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу