Депутаттар Арал теңізін құтқаруға атсалысуға шақырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депутаттар Арал теңізін құтқаруға атсалысуға шақырды

07.07.2022

Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын Арал теңізін құтқару жөніндегі жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырды. Отандық саясаткерлер ұйымның Парламенттік Ассамблеясының Ұлыбританияда өткен 29-шы сессиясында үндеу жариялады.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясы – 57 мемлекеттің 300-ден астам депутатын біріктіретін парламентаралық ұйым. Мақсаты - қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында парламентаралық диалог қалыптастыру. Қазақстандық делегация мүшелері тұрақты комитет отырысы аясында өзбекстандық әріптестерімен қосылып, бірлескен үндеу жариялады. Депутаттар ұйымды және оған мүше мемлекеттерді Арал теңізін құтқару жөніндегі жобаларды іске асыруға донор болуға шақырды.

Асқар Шәкіров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Айта кетуім керек, бұл бастама аяқ асты көтерілген жоқ. Ол бірінші кезекте Мемлекет басшысының Арал теңізін және оған іргелес аумақты бірлесе отырып, қайта қалпына келтіру туралы тапсырмасы негізінде жасалған.

Экономика, ғылым, технология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері де қазақстандық делегация назарынан тыс қалмады. Бұдан бөлек Жаңа Қазақстан құру тақырыбында cайд-ивент ұйымдастырылып, еліміздегі саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалар таныстырылды.

Гжегож Берецки, Польша делегациясының мүшесі:

Қазақстандағы реформаларға ерекше қызығушылық танытуымыздың себебі елдеріңізде көптеген поляктар өмір сүреді. Олар өткен ғасырдың 30-40-шы жылдары қазақ жеріне үдере көшіп барды. Қазір де бейбіт күн кешуді, ел дамуына үлес қосуды жалғастырып жатыр. Реформаларды қолға алған Қазақстан үкіметіне қошеметімізді білдіргіміз келеді.

Ұлыбритания делегациясымен өткен екіжақты кездесуде де елімізде болып жатқан саяси өзгерістер сөз болып, ағылшындар реформаларға жоғары баға берді. Сессия аясында Орталық Азия бойынша Парламенттік ассамблеясының арнайы өкілі Пиа Каумамен кездесу өтті. Шарада аймақтық қауіпсіздік және ынтымақтастық, Ауғанстандағы жағдай, трансшекаралық өзендерді ұтымды пайдалану, миграция сияқты маңызды мәселелер талқыланды.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу