Қостанай: Ағаш кесетін кәсіпорындар жұмысын тоқтатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай: Ағаш кесетін кәсіпорындар жұмысын тоқтатты

05.07.2022

Қостанайда ағаш кесумен айналысатын 100-ден астам кәсіпорынның тең жартысы жұмысын тоқтатты. Қалғандары да жабылудың алдында тұр. Бұған биылдан бастап Ресей тарапының бөренелерді шетелдерге автокөлікпен тасуға тиым салуы себеп болды. Ал өңделмеген ағашты теміржолмен жеткізу, үш есе қымбатқа түседі, әрі әуресі де көп.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Бұл Қостанайдағы жабылудың алдында тұрған ағаш кесетін орындардың бірі. Мына жерде шамамен 6-7 текшеметрдей бөрене тұр. Бұлар жаңа жылға дейін әкелінген. Кәсіпорын иесі осыларды кесіп тақтай жасап болған соң жұмысты біржола тоқтатамыз деп отыр.

Дмитрий Борсуктың ағаш өңдеуді кәсіп еткеніне 4 жыл. Биылға дейін Ресейден бөрене әкеліп, аптасына 100 текшеметр ағаш өңдейтін, қол астында 10 адам жұмыс істеді. Жаңа жылдан бастап шикізат жеткізу тоқтады, жұмыс тоқырады. Қазір жалғыз жұмысшы бар, қалғандарын босатуға тура келді. Ресейден дайын, өңделген ағашты автокөлікпен тасуға тиым жоқ. Бірақ ол тиімсіз.

Дмитрий Борсук, кәсіпкер:

Рубльдің бағасы да көтеріліп кетті. Біз тақтайды әлі бұрынғы бағамен сатып жатырмыз. Мысалы бұған дейін бір текшеметр 120 мың теңге болса, рубльдің қазіргі курсымен ол 140-150 мыңға дейін жетеді.

Бүгінгі жағдай тасымалдаушыларды да титықтатып отыр. Қостанай және Тобыл қаласындағы ағаш тасымалымен айналысқан 300-ге жуық жүк көліктері қаңтарылып тұр. Мұрат Кенжетаев осындай арнайы автокөліктерді жалдап көрші елден бөрене тасумен айналысқандардың бірі. Ол биылдыққа теміржолмен екі вагон ғана бөрене жеткізгенін айтады. Бұл әрі кетсе төрт көліктің жүгі. Ал былтырлары айына 30-40 машина бөрене жеткізетін.

Мұрат Кенжетаев, кәсіпкер:

Мысалы автокөлікпен тасығанда орманға бірден барып бөренені со жерден тиеп аласың. Сосын тікелей ағаш өңдеушінің ауласына төгесің. Ал вагонға тиеу үшін алдымен Ресейде көлік жалдап оны терміжолға жеткізу керек. Мында келгесін де солай. Оның сыртында теміржол қызметі қымбат, вагон жетіспейді.

Осылайша көрші елдің бөренені автокөлікпен тасуға тиым салуы отандық кәсіпкерлерді тығырыққа тіреді. Қазақстан жағы бұл түйткілді шешу үшін Ресей тарапымен бірнеше келіссөздер жүргізген.

Қанат Ибраев, ҚР Жиһаз жасау және ағаш өндірісі қауымдастығының президенті:

Біз келссөздерді жалғастырамыз. Ағаш тасымалына байланысты ондаған жылдар қалыптасқан жүйенің қос тарапқа да тиімділігін дәлелдеуге тырысамыз. Бірақ мәселенің нақты қашан шешілері беймәлім.

Мәселе жуық арада шешімін таппаса біздің елдің Ресеймен шекаралас облыстарындағы барлық ағаш өңдеуші кәсіпорындар жабылып тынуы мүмкін. Олай болса мыңдаған адамның тұрақты табысынан айрылып, кәсіпсіз қалу қаупі бар.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу