Алматыда Pfizer вакцинасына сұраныс артқан. Алайда мегаполисте екпенің тек 10 мыңға жуық дозасы қалған. Бұл туралы шаһардың қоғамдық Денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Бүгінде бірінші компонентті алған адамдар үшін өзге облыстардан қосымша дозасы сұратылған. 2021 жылдың қарашасынан бастап бүгінге дейін, Алматыға COVID-19-ға қарсы Pfizer вакцинасының 380 250 дозасы жеткізілді. Басқарманың баспасөз қызметінің мәліметінше, мамыр айынан бастап, көптеген ел шекарасын ашқандықтан, бұл екпеге сұраныс өсті. Көп мемлекеттің талабы - Pfizer-дің екі компонентінің болуы.
Ақшолпан Қалданқызы, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
Алматы қаласында QazVac, Phizer және Verо Cell вакциналары қолжетімді. Сондай-ақ медициналық ұйымдарда 96 вакцинация пункты және 175 вакцинация бригадасы жұмыс істейді. Алдағы уақытта «Phizer» вакцинасы тағы да қосымша келеді деп күтілуде.
Соңғы 2 аптада Алматыда коронавирус инфекциясын 352 адам жұқтырды. «Олардың 63 пайызы - вакцина алмағандар»,-дейді Денсаулық басқармасының өкілдері. Қазір қалада науқастарды емдеуге арналған төсек-орын саны 135-ке дейін ұлғайтылды. Жұқпалы аурулар ауруханасында 48 пациент емделіп жатыр. Олардың арасында екпе салдырмаған 10 жүкті әйел бар. Дәрігерлердің айтуынша, індет жұқтырғандардың арасында «стелс-омикрон» штаммы басым.
Жазира Оразқызы