Алматылық көлік жүргізушілері «Алтын Орда» базары маңындағы жаңа көпірдің сапасыз жолдарына шағымданды. Өткел жарты жыл бұрын ғана ашылған болатын. Жүргізушілердің айтуынша, базар маңындағы жолайрықтың асфальті бүлінген, көптеген жерінде шұңқыр бар. Жол кедір-бұдыр болғандықтан, көлікпен жүріп өту қиын дейді. Ал «ҚазАвтоЖол» мекемесі жаңа көпірдегі жұмыс әлі толық аяқталмағанын айтып отыр. Компанияның мәліметінше, жолдың екінші, негізгі қабаты төселіп, жаяу жүргіншілер өткелдері мен жеделсаты жасалады. Сондай-ақ тосқауыл қоршаулар орнатылып, жол белгілері қойылады. «Алтын Орда» базары маңындағы бұл жаңа жолайрықтың құрылысы 2017 жылдың күзінде басталған. Алайда құрылыс кешіктіріліп, жаңа көпір былтыр жыл соңында ғана ашылды.