БҚО-да жыр болған жолдар келесі жылы пайдалануға беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да жыр болған жолдар келесі жылы пайдалануға беріледі

20.06.2022

Батыс Қазақстандағы жыр болып келген Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандары арасындағы жолдың қашан аяқталатыны белгілі болды.

Өңір әкім Ғали Есқалиевтің айтуынша, жөндеу жұмыстары келер жылдың соңында толығымен аяқталады. Қазір 54 шақырым асфальт пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін мұны 173 шақырымға жеткізу жоспарланып отыр. Дегенмен, бұл жолдардың қазір бір қабаты ғана төселген. Белгіленген мерзім бойынша республикалық маңызы бар жол былтыр тапсырылуы керек болған. Аймақ басшысы жұмыстың баяулап қалғанына пандемия себеп болғанын жеткізді.

Ғали Есқалиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

Барлығы 248 шақырым, ол жолдар оңтүстік-батысқа жататын. Былтыр 54 шақырым толығымен асфальтталған. Биыл «ҚазАвтоЖол» компаниясының мәліметі бойынша, қосымша тағы да 119 шақырым ашылады деп айтып отыр. 

Сонымен бірге, Ғали Есқалиев киіктердің тағдырына қатысты сұраққа да жауап берді. Келесі айдың басынан бастап Үкімет шешімімен аймақта резерват ашылады. Оған 650 мың гектарға жуық жер берілмек. Онда 200 мыңға дейін киік ұстауға болады. Бірақ аталған аймақта су мәселесі өткір тұрғанын айтады. Қазір Экология министрлігімен бірге мәселені шешу жолдары қарастырылып жатыр.

Хабарламаларға жазылу