Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтыны анық. Бұл – бүкіл қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үдеріс.
Ұлытау төрінде өтіп жатқан алғашқы Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы елдегі реформалар туралы осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев өзгерістерді жүзеге асыру үшін бір ғана биліктің әрекеті жеткіліксіз. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға жетеміз. Сол себепті, мен Жолдауымда Ұлттық құрылтай шақыру туралы бастама көтердім, деді.
Сондай-ақ президент ел атауындағы – «стан» жұрнағын алып тастау туралы түрлі әңгімелерге де жауап берді. Ол оны қисынды деп айтуға болмайды деді.«Ең басты мәселе, біз Тәуелсіз еліміз – Қазақстан Республикасы атынан 30 жыл ішінде көптеген халықаралық келісімшарттарға қол қойдық, мемлекеттік шекарамызды бекіттік. Осындай жағдайда мемлекетіміздің атауын өзгерту жауапсыз шешім болар еді. Бұл – ең алдымен, ұлттық қауіпсіздігімізге және халқымыздың бейбіт өміріне тікелей әсері бар өте маңызды мәселе» деді мемлекет басшысы.
Еске сала кетейік, Ұлттық құрылтайды құру жөніндегі Жарлыққа кеше қол қойылды. Бірегей институттың ережесі мен құрамы бекіді. Оның құрамында Мәжіліс депутаттары мен ассамблея мүшелерінен, азаматтық қоғам мен саяси партия өкілдерінен, сарапшылар мен өңірлердегі қоғамдық кеңес мүшелерінен, кәсіпкерлерден жасақталған 117 адам бар.