Әлемнің 50 шақты елі Киевке жәрдемдесу үшін Брюссельде бас қосып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемнің 50 шақты елі Киевке жәрдемдесу үшін Брюссельде бас қосып жатыр

15.06.2022

Украинаның Северодонецк қаласын қорғаушылар Ресейдің қару тастау туралы талабын орындамады. Қазір мұнда Мариупольдегідей ахуал қалыптасып келеді. Жергілікті «Азот» химиялық зауытына украин сарбаздарымен бірге жүздеген бейбіт тұрғын бекінген. Осындай шақта әлемнің 50 шақты елі Киевке жәрдемдесу мәселесін талқылау үшін Брюссельде бас қосып жатыр.

Мариупольдің «Азовсталь» зауытындағы жағдай Северодонецктің «Азот» химиялық зауытында қайталанып отыр. Мұнда шамамен 500-дей бейбіт тұрғын жауынгерлермен бірге бекінген. Өткен тәулікте Ресей армиясы Украина сарбаздарына қару тастау туралы ультиматум қойды. Ол талап орындалған жоқ. Шайқас жалғасып жатыр.

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

«Соңғы 24 сағатта Донбасс үшін шайқаста түбегейлі өзгеріс болған жоқ. Северодонецкте де, оған жақын аудандарда да қызу әрекет. Бұрынғыдай шығынға ұшырадық, ауыр шығын. Бірақ, майдан шебін ұстауымыз керек. Бұл - біздің ел. Донбасстағы шепті бұздырмау өте маңызды. Ал, жау неғұрлым көп адам жоғалтса, агрессияны жалғастыру жолында соғұрлым күшінен айрылады».

Ресейліктер 80 пайызын басып алған Северодонецк пен көршілес Лисичанск - Луганск облысында Мәскеудің бақылауына өтпеген соңғы қалалар.

Украина қорғаныс министрінің орынбасары Анна Маляр мәлімдегендей, Киев Батыстан сұраған қаруының 10 пайызын ғана алған. Және де оның есебінше, Украина әскері күніне 5-6 мың артиллериялық снаряд атса, ресейліктер бұдан 10 есе көп жаудырады. Алайда, Киевтің Батыстағы серіктестерінің сөзінше, Украинаға алыс қашықтыққа арналған зымыран жүйесін жеткізіп, оған жергілікті әскерді үйрету үшін уақыт қажет.

Бүгін Брюссельде НАТО-ның министрлер деңгейіндегі кездесуі өтеді. Онда АҚШ бастаған 50 елдің өкілдері Украинаға көмекті үйлестіру мәселелерін үшінші рет талқылайды.

Дегенмен, бірер күн бұрын Нидерландыға сапарында Польша үкіметінің басшысы айтқандай, Солтүстікатлантикалық альянстың Киевке қазір беріп жатқан жәрдемі әлі де жеткіліксіз.

Матеуш Моравецкий, Польша Премьер-Министрі:

"Біз Украинада еуропалық құндылықтарды қорғауда жеткілікті күштіміз бе? Украина жауынгерлері мен Украина халқы егемендік, бостандық, өмір сүру құқығы және басқа да мақсаттар үшін күресіп жатыр. Менің ойымша, бұл орайда аз жұмыс істеп жатырмыз. Біз Украинаны, оның халқын мен азаттығын қорғау үшін тиісті әрекет жасамадық».

Кейбір бақылаушылардың пікірінше, Донбассты уыстан шығармау Украина үшін өте маңызды. Мұнда Ресей басым түссе, Украина орасан жерінен ғана емес, ең мықты әскерінен айрылып, Мәскеу Киевке шарт қоятын деңгейге жетуі мүмкін. Ал, Ресей сәтсіздікке ұшырайтын болса, Украина армиясы қарымта шабуылға кірісіп, Кремльде үлкен саяси сілкініске жол ашылуы ықтимал.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу