Киевке сапар: Италия, Франция, Германия лидерлері Зеленскиймен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Киевке сапар: Италия, Франция, Германия лидерлері Зеленскиймен кездесті

16.06.2022

Италия, Франция және Германия лидерлері Киевке сапармен барды. Олар президент Зеленскиймен Украина астанасындағы президент сарайында келіссөз өткізіп жатыр. Қауіпсіздік мейілінше күшейтілген. Кездесуде талқыланған мәселелер кейін мәлім болады. Германия канцлері Олаф Шольц, Франция президенті Эммануэль Макрон мен Италияның премьер-министрі Марио Драги мұның алдында қарулы қақтығыстан орасан зардап шеккен Ирпин қаласына барды.

Ресей

Кремль болса, үш ел лидерлерінің Киевке сапарына қатысты пікірін білдірді. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "сапар Украинаға қару-жарақ жөнелтуге ғана арналмайтынына" үмітті екенін мәлімдеді.

Ал, НАТО-ның Қорғаныс министрлері бүгін Брюссельде бас қосып, Украинаға қосымша әскери жәрдем беру мәселесін талқылап жатыр. Киев серіктестерінен Ресейдің шабуылына қарсы тұру үшін тезірек қуатты қару-жарақ беруін сұраған еді. АҚШ Киевке 1 миллиард долларға көмек көрсетуге уәде берді. Оның ішінде кемеге қарсы зымыран жүйелері, артиллериялық ракеталар және гаубицалар мен 36 мыңдай снаряд бар.

Ал Севердонецк қаласынан 12 мыңдай адам шыға алмай қалды. Айта кетсек, Ресей армиясы бұл қаланың 80 пайызын басып алған. Жергілікті әскер қару тастау туралы ультиматумды орындаудан бас тартып, қарсылық көрсетуде. Біріккен Ұлтттар Ұйымының мәліметінше, Севердонецк халқы ауыз су мен электр қуаты тапшылығынан және санитарлық жағдайдың нашарлауынан зардап шегіп отыр.


Хабарламаларға жазылу