Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жұмысын аяқтады. Оның негізгі мүшелері Ұлттық құрылтай құрамына кірді. Үш жылда кеңес қандай жұмыс атқарды? Нәтиже қандай?
Сан саладағы түйіткілді мәселе минут сайын алмасып, сағат сайын сарапталып жатқанда ақиқаттан аттап өту мүмкін емес. Осы бір аумалы-төкпелі кезеңде ұлттық қоғамдық сенім кеңесі ел игілігіне жұмыс істей алды ма?
Зейнетақы жинағының белгілі бір бөлігін баспана алуға пайдалану ұлттық кеңесте көтеріліп, халық арасында кең таралған шешімдердің бірі.
Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан Республикасының Президенті:
Осы жылдан бастап жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік берілді. Оны жылжымайтын мүлік сатып алуға, ипотекалық несиені өтеуге және емделуге жұмсауға болады. Соның арқасында жарты миллионнан астам азаматымыз зейнетақы жинағын өз қажетіне жаратты.
Мақсат Хабаров, мұғалім:
Оқушылардың болсын, қоғамның, көшеде болса да мұғалімге деген жақсы ортаның, мұғалімге деген мәдениеттің ошағы құрылып келе жатқан сияқты. Жыл сайын менің жалақым 25 пайызға көбейіп отыр. Педагог мәртебесі туралы заңды мен мәртебелі награда деп айтар едім.
Мұғалім мәртебесі туралы заң, шетелдік жұмыс күштеріне берілетін квотаның азаюы, өлім жазасын алып тастау мәселесі де кеңес мүшелерінің бастамасы еді.
Ерлан Саиров: ҚР Президенті жанындағы ұлттық құрылтайдың мүшесі:
Ұлттық кеңес еліміздің әлеуметтік, экономикалық, саяси мәселелерді шешудің үлкен алаңына айналды. Соның ең негізгісі саяси реформалар.
Иә, кеңес аясында қабылданған 20 заңның 14-і саяси реформалар, бейбіт жиындар, партиялық сайлау тізімінің 30 пайызы әйелдер мен жастар болуы керек деген мәселелер. Сондай-ақ, оралман атауының қандасқа өзгеруі, көп балалы отбасыларға бес мың білім грантын беру идеясын да кеңес көтерген.
Бағдат Мусин: ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
Ұлттық кеңеске мүше болған кезде, ол жердің бір жақсы жері президентпен тіке өз идеяларыңды айту процестері қарастырылған. Әр мүшесі жарты жылда немесе бір жылда кіріп, өз идеяларын айтады.
Ұлттық кеңестегілер көтерген көлік жүргізушілері бір ғана құжатпен жүре алады деген шешім де халықтың көңілінен шыққан бастама еді.
Жүргізушілердің жағдайын жақсартқан. Өйткені бұрын қаншама құжатпен жүретін болсақ. Қазір біреу ғана. Тоқтатқан кезде анда қалы, мында қалды деп біраз әуреге түсетінбіз. Төлқұжат болса болды, қазақстанның қиыр түкіпірне кете бересіз.
Айдос Сарым: ҚР Президенті жанындағы ұлттық құрылтайдың мүшесі:
Мәселені айтып қою бір, талқыға салу екі. Ал оны аяғына дейін жеткізу, үлкен кабинеттерден дауласа отыра, дәлелдей отыра өткізу үлкен мәселе.
Президент бастамасымен құрылған кеңестің түпкі мақсаты «айтылды – орындалды» қағидатын жүзеге асыру болды. Үш жылда ұлттық кеңес аясында 20 заң қабылданып, президенттің үш жарлығы шықты. Министрліктердің бірнеше бұйрығы мен 90-нан аса құжат қабылданды. Бұл елдегі өзгерістердің бастамасы еді.
Саламат Омаш