Рәміздердің 30 жылдығына орай әр саладағы жыл үздіктері марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Рәміздердің 30 жылдығына орай әр саладағы жыл үздіктері марапатталды

04.06.2022

Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай елорда төрінде патриоттар форумы өтті.

Елтаңба, Ту, Әнұран – халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын айшықтайтын белгілер, ел дамуының ажырамас бөлігі. Тәуелсіздіктің нышаны. Осы арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Онда қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс тапқан.

Дәурен Абаев, Мәдениет және спорт министрі:
Ұлттық нышандарымыз арқылы жүрегіміздегі Отанға деген шексіз махаббатты оятамыз. Бірлік пен ынтымақтың күшін сезінеміз. Мемлекттік Туға, Елтаңбаға, Әнұранға деген құрмет – тамыры терең тарихымызға деген ізеттілік. Киелі көк туымыз келешек ұрпаққа мұра, оны құрметтеу – біздің перзенттік парызымыз. 

Әр азамат Туды, Елтаңбаны, Әнұранды тұмардай қасиет тұтуы керек. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы. Осыдан 30 жыл бұрын рәміздер жобаларын әзірлеуге 600-ден астам адам қатысқан. Мемлекеттік Ту эскиздерін жасауға 1200 өтініш түскен. Болашақ Елтаңбаның 67 үлгісі, әнұранның 750 нұсқасы ұсынылған. Осылайша 1992 жылы 4 маусымда рәміздер ресми бекітілді.

Жандарбек Мәлібеков, Мемлекеттік Елтаңбаның авторы:
Біздің туымыз бен Елтаңбамыз сағат 15:00-ден 45 минут кеткенде келді. Сондықтан Елтаңбамызды, Туымызды, рәміздерімізді 30 жасқа келген күнімен құттықтаймын. 

Форум аясында білім мен ғылым, медицина, технология мен бизнес, мәдениет пен спорт салаларында топ жарған жыл патриоттары марапатталды. Олардың қатарында коронавирусқа қарсы отандық вакцина жасаған ғалым Күнсұлу Закария, телепродюсер Гүлнұр Мамасарипова, ерікті Абылайхан Әбдіраш пен бірқатар өз кәсібінің шебері бар.

Асхат Жұмабеков, мұғалім, жыл патриоты:
Бүгінгі іс-шара арқасында үлкен жетістікке жетіп жатырмыз. Жарқын болашақта нағыз патриоттар қатары кеңейеді. Мұғалім ретінде білім-ғылым саласының дамуына өз үлестерін қосады деп сенемін.

Мемлекеттік рәміздер – елдіктің символы. Оларды қадірлеу, мән-мазмұнын білу – патриотизмнің жарқын көрінісі. Қатысушылар рәміздерді ұлықтау – әр қазақстандықтың жүрегінен ойып тұрып орын алуы тиіс, дейді. Үздіктер марапатталғаннан кейін форум мерекелік концертке ұласты.

Хабарламаларға жазылу