Биылғы оқу жылында елімізде 3 млн 597 мың 159 оқушы үшін соңғы қоңырау соғылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биылғы оқу жылында елімізде 3 млн 597 мың 159 оқушы үшін соңғы қоңырау соғылды

29.05.2022

Биылғы оқу жылында елімізде 3 млн 597 мың 159 оқушы үшін соңғы қоңырау соғылып, сабақ аяқталды. Статистика бюросының мәліметінше бұл соңғы 20 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Ал, ел бойынша 171 мың түлек мектеп бітірді. Оның 8139-ы «Алтын белгіге» үміткер.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов биыл «Алтын белгіге» үміткер ҰБТ-дан төмен балл алып, шекті балл жинай алмаса, онда мектеп басшылығын жауапкершілікке тартамыз,-деген. Ал, ҰБТ-ның биылғы бір ерекшелігі түлектер күйзеліске түспес үшін оларға екі мүмкіндік берілмек. Сондай-ақ, оқушылар тест тапсыратын күн мен уақытты және отыратын орнын өздері таңдайды. Оның үстіне мемлекеттік гранттар саны да көбейген.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

Гранттардың саны 15 мыңға көбейіп жатыр. Жалпы биылғы жылы гранттардың саны 73 мың грант болады. Мемлекеттік гранттарды бергенде оның 60 пайызын техникалық мамандықтарға беріп отырмыз. Және де халықаралық әр түрлі олимпиадалардың жеңімпаздарына ЖОО-ға ұбт тапсырмай өзі қалаған ЖОО-ға түсетіндей заң қабылданды.

Биылғы тағы бір жаңалық - «Алтын белгіге» үміткерлер «Алгебра және анализ бастамалары» пәнінен қорытынды емтиханды Назарбаев зияткерлік мектептерінде тапсырады. Қалған пәндер бойынша өз мектептерінде. Егер түлек бұл пәнді Назарбаев Зияткерлік мектебінде тапсырғысы келмесе «Алтын белгіден» бас тарту мүмкіндігі бар. Еске салайық, «Алтын белгінің» болуы грант алуда айрықша құқық бермейді.


Хабарламаларға жазылу