Қызылорда облысындағы Қармақшы ауданының түлектері үшін соңғы қоңырау жаңа мектепте соғылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысындағы Қармақшы ауданының түлектері үшін соңғы қоңырау жаңа мектепте соғылды

25.05.2018

Бүгінгі күн Қызылорда облысы Қармақшы ауданының түлектері үшін ерекше есте қалмақ. Себебі, ұзақ жылдар бойы ескі ғимаратта білім алған оқушылар үшін соңғы қоңырау жаңа мектепте соғылды.

Бүгін Қызылорда облысы Қармақшы ауданында жаңа мектеп пайдалануға берілді. Үлкен өмірге қанат қаққалы тұрған  түлектерге арналған соңғы қоңырау осы жаңа мектепте соғылады. 300 балаға арналған білім ошағы қажетті құралдармен жабдықталған. Сыныптар кең әрі жарық. Бүгінге дейін ескі мектепте оқуға мәжбүр болған шәкірттердің қуанышында шек жоқ. Оқу жылының аяғында пайдалануға берілсе де, ала жаздай балалардан босамайды.

Міне, қоңырау да соғылды. Бұл сәт кім-кімді де бейжай қалдырмайды. Биыл облыс бойынша 7113 түлек мектеп бітірсе, 4821 бала Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. 343 оқушы «Алтын белгіге» үміткер.

СҚО бүгінгі соңғы қоңырау мерекесіне тыңғылықты дайындалды. Жалпы, бүгін облыс бойынша 323 мектепте 4 мыңға жуық түлек үшін соңғы қоңырау соғылды. 11-сыныпты аяқтаған оқушылар бала шақпен қоштасып, болашаққа қадам басты. Бүгін біз Қызылжар ауданы Бескөл ауылындағы №2 мектептегі соңғы қоңырауға куә болудамыз. Мектеп түлектері үшін соңғы қоңырау соғылып, ал, ізінен ерген іні-қарындастары салтанатты түрде шығарып салуда.

Биыл СҚО-да мектепті 3894 түлек аяқтайды және олардың 131-і «Алтын белгіге» үміткер. Айта кету керек, биыл ең көп түлек Петропавл қазақ мектеп-гимназиясында, бұл жерде 76 оқушы мектепті тәмамдаса, Тайынша ауданы Тихоокеан мектебін небәрі 1 оқушы аяқтайды.

 

Самат САПАРАЛЫ, Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу