Сондай ақ осы сапар аясында қос елдің жақындығын айғақтайтын тағы бір маңызды шара өтті. Бішкек қаласының дәл төрінен Ұлы Ақын - Абай Құнанбайұлының еңселі ескерткіші бой көтерді. Бұл шет мемлекеттерде хәкім құрметіне қойылған ең үлкен тас мүсіндердің бірі. Мемлекет басшысы бұл күнді қазақ пен қырғыздың рухани өміріндегі ерекше күн ретінде бағалап, екі елдің бауырластығы мен достығы ешқашан мызғымайтынына сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Ағайын елдердің тамырластығын кезінде Абай да айтқан. Ұлы ақын қазақтың тарихына тоқталған кезде қырғыз бауырларды ерекше атап өткен. Ол «Еш қазақ қырғыз бен қазақтың бір тұқымдас екеніне таласпайды» деген. Шын мәнінде, екі ұлттың тегі мен тілі бір, жүрегі мен тілегі бір. Айыр қалпақты ағайынға біздің ықыласымыз қашанда ерекше. Көп ұзамай елімізде Манас ескерткіші бой көтереді. Бұл есім қазақ арасында өте танымал. Әйгілі Манасқа құрметіміз ерекше. Манастану ғылымының негізін қалаған Шоқан Уәлиханов екенін еске салғым келеді.
Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының Президенті:Жазда жайлауы, қыста қыстауы қоңсы қонған екі халықтың рухани әлемінің жақындығын Абай мен Тоқтоғұлдың, Мұхтар мен Шыңғыстың мұралары көрсетіп келеді. Абайдың 175 жылдығы кезінде Ұлттық кітапханадан арнайы мәдени бұрыш ашылғанын да еске салғым келеді.
Сондай ақ бүгін көрші елдің астанасынан Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің филиалы ашылды. Қазір оқу орны лецензиясын алып, жаңа оқу жылына студенттер қабылдауға дайын. Әзірге білім ордасы 5 мамандық бойынша оқытады. Бұдан бөлек бірнеше қазақстандық университет бауырлас елде өз филиалын ашуға ниет танытып отыр. Білім саласындағы тағы бір әріптестік, ол Қазақстанның жоғары оқу орындары Қырғыз азаматтарына 50 грантқа квота ұсынып отыр.
Шерхан Жамбылұлы