Франция мен Италиядағы жанармай бекеттерінде АИ-95 маркалы бензин бағасының бір литрі 3 евроға дейін қымбаттады. Енді Испаниядағы дизель мен бензиннің құны әсіресе соңғы аптада екі процент өсім көрсетіп, екі евро яғни шамамен 910 теңгеге жетті. Мемлекет бір ай бойы бензинге 20 пайыздық жеңілдік жасап келген. Қазір мұндай субсидия жасалмайды. Салдарынан көлік жүргізушілері апта сайын наразылық шеруін ұйымдастырып, маңызды көлік жолдарды жабуда. Украинадағы ахуал – Еуропадағы өнеркәсіптік дағдарыстың да артуына тікелей әсер етуде. Қарулы қақтығысқа дейін Украинаның өсімдік майы әлемнің тоқсан еліне тасымалданып келген. Былтыр ғана мемлекет 6,5 млн тонна күнбағыс майын шет елге экспорттаған еді. Дайын өнімнің 30 проценті Еуропа елдеріне жеткізілген. Қазір мұндай тасымал жоқ. Оның үстіне шарықтап тұрған отын құны да тікелей әсер еткеннен кейін Еуропа, оның ішінде Испанияда азық түліктің бағасы өсті. Соңғы бір айда нан өнімдері 25, жұмыртқа 21, май өнімдері 13 процентке көтерілген.
Пабло, жүргізуші:Бензин бағасы күнде құбылады. Ай басында 1 евро 20 цент тұрған бензин, қазір екі евроны әзер ұстап тұр. Отын бағасы азық түліктің де өсіміне әкеліп соқты.