Соның салдарынан спортқа құштар жастар кинотетардың тар залында дайындалуға мәжбүр. Ал мәдени іс шаралар мектепте өтеді. Рухани сала неге құлдырады? Түйткілдің шешімі бар ма? Дәуренбек Әбдібек әңгімелейді.
Аудан орталығы Қарамеңдідегі мәдениет үйі 20 жыл бұрын өртеніп кетіп, содан кейін жаңасы салынбапты. Ал спорт кешені ешқашан болмаған. Әйтсе де ауданда спортқа құштар жеткіншектер аз емес. Күрес секциясына 120 бала, боксқа 90 бала қатысады. Олардың арасында ел чемпионы атанғандар да бар.
Ал мәдениет орталығының міндетін бұрынғы әмбебеп дүкен ғимараты атқарып тұр. Бірақ ол талапқа мүлде сай келмейді. Не көрермен залы, не үйірме жұмысын жүргізетіндей лайықты орын жоқ.
Сәулет Мырзатаев, Науырзым аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі:Біз барлық іс-шараларды Докучай мектебінің акт залында өткіземіз. Кейде біздің концерттеріміз оқу процесімен бірге келіп қалады, сол қиындықтар тудырады.
Аудан басшылары мәдениет үйі мен спорт кешенін салуға бірнеше рет бюджеттік ұсыным бергендерін айтады. Алайда ол жоғары жақтан қолдау таппаған. Соңғы рет мәдениет нысанын тұрғызу үшін 319 млн теңгенің жобасы дайындалып, облыс тарапынан бекітіліпті.
Оразғали Бимағамбетов, Науырзым аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:Бір қадам қалды. Ол ақша мәселесі. Сол ақшаны бөлетін болса, «Арман» орталығына жапсарлас 200 адамдық көрермен залын салу қарастырылған.
Алайда бұл жоба облыстан қолдау тапқанымен республикалық комиссиядан өтпей кері қайтарылыпты. Облыстық мәдениет басқармасының өкілдері осылай дейді. Ел астанасында отырған шенеуіктер ауданда мәдениет үйі мен спорт кешенінің болу болмауы аса маңызды емес деп шешсе керек.
Дәуренбек Әбдібек