Ауған соғысына қатысқан ардагерлер емдеу орнының тапшылығына наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауған соғысына қатысқан ардагерлер емдеу орнының тапшылығына наразы

19.05.2022

Ауған соғысына қатысқандар, Чернобыль апаты мен Семей полигонынан зардап шеккендерге госпиталь тапшы. Осылай деген ардагерлер Алматыда бас қосты. Жыл сайын медициналық көмекке мұқтаж адамдар саны артып келеді. 2010 жылы соғыс және Ауған соғысы ардагерлеріне, Чернобыльдегі апат зардаптарын жоюға қатысқандар мен Семей полигонынан зардап шеккендерге арналған госпиталь апатты деп танылып, жабылған. Ғимараттың толық жарамсыз екені анықталып, орнына жаңа нысан бой көтеруі тиіс болған. Алайда содан бері 12 жыл өтсе де, госпиталь қаңырап әлі бос тұр. Бұрын мекемеде 400-ден аса медицина қызметкері жұмыс істеген. 220 төсек-орын болған, дейді ардагерлер. Құрылысқа жауаптылардың айтуынша, үш жыл бұрын салынатын нысанның жобасын жасауға қаржы бөлініп, тендер өткен. Алайда ұтып алған мердігер компания жұмысты уақытында аяқтай алмай сот шешімімен келісім шарт бұзылған.

Әли Нариманұлы, «Абырой» ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы:

Орын жоқ госпитальда. Жетпей жатыр. Көптеген облыстарда бірнеше ай бойы, бірнеше жылдар бойы ем алу үшін кезегін күтіп отыр. Қашан осы госпитальдың құрылысын бастайды?! 12 жыл созылып жатыр.

Ринат Байтуғанов, ҰОС ардагерлеріне арналған Республикалық клиникалық госпиталь директорының орынбасары:

Барлық қоғамдық кеңесте талқыланды. Жобаны жасаушы өзінің хатын алып келіп, кепілдік беріп отыр. Осы қыркүйек айына дейін жобаны бітіріп беруге уәде беріп отыр. Жобасы дайын болса ары қарай құрылыс жобасына қаражат қарастыру керек болады.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу