Басты Жаңалықтар Қостанай облысындағы Қабырға ауылында жеті жерден жырылған жол жөнделмей тұр

Қостанай облысындағы Қабырға ауылында жеті жерден жырылған жол жөнделмей тұр

Қостанай жері шұрайлы, шаруаға қолайлы аймақ болса да қаңырап қалып жатқан ауылдар көп. Солардың бірі Аманкелді ауданындағы Қабырға ауылы. 12 мың гектар шабындық, 80 мың гектарға жуық жайылымы бар мекенде қазір 30 шақты ғана үй қалған. Биыл көктемде ауылдың жолын тасқын су жеті жерден бұзып, соның кесірінен 20 күндей қатынас үзіліпті. Жол азабын тартқан тұрғындармен тілдесіп қайтқан тілшіміз Дәуренбек Әбдібектің репортажы.
Дәуренбек Әбдібек, тілші :
Бетіне тас төселмей шаңы бұрқыраған Қабырға ауылына баратын жол ешқашан дені дұрыс жөндеу көрмеген. Осыдан бірнеше жыл бұрын тасқын бұзған құбырлар да қалпына келтірілмепті. Соның кесірінен көктем сайын жолды су басып қатынас тоқтайды. Міне, мамыр айы туса да оның бір бөлігінің суы әлі кеппепті. Кешіп өтуге тура келеді.
Аудан орталығы Аманкелді мен Қабырғаның арасы 67 шақырым. Тұрғындарды сарсаңға салатын соның Үрпек ауылынан кейінгі 45 шақырымы. Елдің үдере көшуінің де басты себебі осы. Ал қалған жергілікті жұрт бұл жағдайға амалсыз көндіккен.
Тынымбай Жақсылықов, ауыл тұрғыны: 
Біз алдын ала азықты алып аламыз. 1-2 айлық қып. Май айына шейін жол болмайды деп наурыздан бастап азық ала бастаймыз. Келілеп алу жоқ, қабымен аламыз. Ет пен май өзімізден.
Осыдан үш жыл бұрын жолды орташа жөндеу үшін 605 млн теңгеге жоба дайындалған. Алайда тұрғындар саны аз деген желеумен облыстан қаржы бөлінбепті.
Ерболат Қонысбайұлы, ауыл тұрғыны: 
Президенттің айтқаны бар 10 үй болса да жол сапалы болу керек деп. Мұнда 30 үй бар. Адам саны аз деп сонда біздің жолды қарамай отыра бере ме? Онда көшірсіз елді бұл жерден.
Әрине, бұл ашынғаннан айтылған сөз. Әйтпесе түгін тартсаң май шығатын шұрайлы мекенді бос қалдыру ақылға сыймайды. Ауылда 29 шаруа қожалығы бар. Мыңғыратып мал өсіріп отыр. Ұялы байланыс, сапалы ауыз қондырғысы да орнатылған. Мектеп жұмыс істеп тұр. Тұрғындарды тек қатынастың қиындығы тығырыққа тірейді.
Серік Бәйкенов, Қабырға ауылының әкімі: 
Біздің ауыл мал шаруашылығына өте қолайлы ауыл. Бірақ егер жолымыз дұрысталмаса, ауылдың болашағы бұлыңғыр болып тұр.
Облыстағылар 600 млн-ды көпсінгесін енді аудан басшылары құны шамамен 100-120 млн теңге болатын жаңа жобаны дайындап жатыр. Бұл жоба бойынша тек бұзылған суағар құбырлар ғана қалпына келтіріледі.

Дәуренбек Әбдібек 
Бөлісу