Батыс Қазақстанда киік лағын өргізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда киік лағын өргізді

11.05.2022

Батыс Қазақстанда киік лағын өргізді. Ал шаруалар бөкеннің басы көбейіп, жайылымды отап, шөпті таптап жатыр деп дабыл қағуда. Былтыр құрылуы тиіс резерват та сол күйі жоқ. 

Биыл киіктердің төлдеу маусымы ерте басталды. Біз қазір Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылындамыз. Жылдағыдай бөкендер осы жақта лағын өргізіп жатыр. Қорықшылардың айтуынша, киіктердің тең жартысы төлдеп үлгерген.

Сайын даланың еркесі бір-екі сағатта денесі кеуіп, шауып кетеді. Бұйығып жатқан құралайдан аяқ алып жүргісіз. Былтырғы ресми санақ бойынша бөкеннің саны 550 мыңға жетті. Киік қорғаушылар да төлдеудің басы-қасында жүр.

Алмас Тапалов, инспектор:
Киік саны едәуір көбейді. Инспекторлар санын да көбейткен дұрыс болады. Өйткені саны өскесін, ареалы – мекендейтін жері ұлғаяды. Өз миграциясы бар.

Алайда киіктің көбейгені өзіне сор болды. Ауыл тұрғындары киік жерді айтақырға айналдырды дейді. «Үкімет не киік өсірсін, не бізді көшірсін» деп талап қойып отыр.

Қамидолла Мекетаев, Жақсыбай ауылының тұрғыны:
Қойды жаю мүмкін емес. Өлексе деген мынау. Қойлар жаңа осының қасында жүрді. Ертең ауру болса, осыдан тарайды ғой.

Қорықшылар мен шаруалар арасындағы бұл жанжал бес жылдан бері шешілмей келеді. Ашынған ағайын киік төлдеп жатса да, жөңкіген үйірді аулаққа айдап әлек. Мұнымен мәселе шешілмейді дейді ғалымдар. Киіктің санын реттеп, басын шектеу үшін резерват керек.

Сәкен Ділдахмет эколог, тәуелсіз шолушы:
Резерваттың көлемі аз болмау керек. 300 мың емес, млн-нан астам гектар болуы керек. Батыс өңірде санын реттеу үшін, бұл бір. Екіншіден, өсімнің де өзінің бір қайтарымы болуы керек. Ертең киікті өндірістік мақсатта қолданатын болса, осы ауылдық-аймақтарға да бөлінуі керек.
Юрий Грачёв, Зоология институтының жетекші ғылыми қызметкері:
Киікке аңшылық жасауға рұқсат беру керек. Сонда санын реттеуге болады. Бұл өзі мамонт, мүйізтұмсықтылармен құрдас жануар. Бәрі өлді, киік қалды. Миграция, өсімталдығының арқасында басы көбейді.

Президент тапсырмасымен аумағы - 650 мың гектар болатын "Бөкей ордасы" резерваты былтыр құрылуы тиіс еді.

Асқар Әбдірахманов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау комитеті басқармасының бас сарапшысы:
Биыл 1 шілдеден бастап резерват іске кіріседі. 2022 жылы - 390 млн, 2023 жылы 464 млн, ал 2024 жылы 496 млн теңге резерват үшін қарастырылған.

Қазір киік аймақтың алты ауданында 4 млн гектар аумақта жайылып жүр. Ерекше қорғалатын жануарды атуға не мүйізін сатуға 2023 жылға дейін тыйым салынған.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу