Батыс Қазақстанда шаруалар киіктің кесірінен шығынға батып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда шаруалар киіктің кесірінен шығынға батып жатыр

11.05.2021

Батыс Қазақстанда шаруалар киіктің кесірінен шығынға батуда. Жерімізді отап, шөбімізді таптап жатыр деп шу көтерген шаруалар ақбөкендерді көшіру керек немесе резерват құрып, басын шектеу керек деген ұсыныс айтады. Себебі, киік саны облыстың сыйымдылық деңгейінен әлдеқашан асып кеткен. 

Ардақ Мұратқызы, тілші:
Біз қазір Оралдан 500 шақырым қашықтағы Жәнібек ауданының аумағындамыз. Жылда киік осы жаққа лағын өргізеді. Мәселен, мынау киіктің жаңа туған төлі. Бір ғажабы, құралай бір сағаттан кейін денесі кеуіп, аяқтанып, шауып кетеді.

Былтыр пандемияның кесірінен киік санағы жүргізілмеді. 2019 жылғы ресми дерек бойынша, елімізде 334 мың бөкен бар. Соның 80 пайызы батысты мекендейді. Соңғы 5 жылда дала еркесінің саны 10 есеге артқан.

Ашынған шаруалар ресми дерекпен келіспейді. Олардың айтуынша бөкеннің басы жарты миллионнан асқан. Киіктің көбейгені кесір болды дейді олар. Мыңдаған бөкен жүріп өткенде жайлым жерлерді жаппай отап, шөпті таптап кетеді, ақырында шаруалар мал баға алмай отыр.

Алик Досқалиев, шаруа қожалығының басшысы:
Табиғатқа қарсы емеспіз, болсын. Әр зат мөлшерінен көбейсе, бәрі де зиян. Былтыр қуаңшылыққа қоса, осы киік болды, шөп жинай алмай отырмыз. Бізге үкімет осыған көмектесе ме, субсидиялай ма, киіктен келген зардаптарымызды?

Екіншіден, мал ұстамағасын, халық үдере көшіп, шекара елсіз қалуы мүмкін. Үшіншіден, киік ауру таратады. Содан мал қырылады.

Құбайдолла Бөпешев, шаруа қожалығының басшысы:
30-дың үстінде мал өлді. Аз болса, жүре берсін, бірақ шектен шыққан. Онда мына малды жояйық, киікті біз бағайық. 
Елеусін Тілебалиев, шаруа қожалығының басшысы:
 Киікті азайту керек, біздің жерден шығару керек. Не жайған күнде бізге девидент төлесін.

Шаруаның шығынын өтеп беретін әзір ешкім жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше заңда субсидия қарастырлмаған. Киікті көшіру де мүмкін емес шаруа . Айдағанның өзінде осы мекенге оралады дейді ғалымдар. "Ауру таратады" деу де қате. Қауіп ошағы - негізінен үй жануарлары. Ал басын шектеу үшін халықаралық келісім керек.

 Сәкен Ділдахмет, Эколог:
Халықаралық CITIS конвенциясына сәйкес, Қазақстан киікті заңды түрде болса да атып, оның мүйізін, етін өндіріске қолдана алмайды. Себебі, бізде нөлдік квота берілген. 2022 жылы Еуропада CITIS жиналысы өтеді. Сонда Қазақстан үкіметі мемлекеттік реттеуге квота бекітіп алуы керек.

Талап бойынша бір киік 20 га жерде жайылуы керек. Ал қазір бір бөкеннің өрісі 1 га да,  жетпейді. Құзырлы орган киіктің «облыстың сыйымдылық деңгейінен асып отырғанын» растаған. Осыған байланысты, 7 жыл бұрын «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватын және «Ащыөзек» табиғи қорығын құру жоспарланған еді, бірақ мәселе қағаз күйінде қалды.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу