Конституция: 33 бапқа 56 түзету енгізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Конституция: 33 бапқа 56 түзету енгізіледі

06.05.2022

Конституцияның үштен бір бөлігі қайта жазылады. 33 бапқа 56 түзету енгізіледі. Бүгін Ата заңдағы осы өзгерістер мен толықтырулар жобасы жарияланды. Сарапшылардың пікірін тілшіміз Нысаналы Ығыл тыңдап келген еді.

Жердің иесі де, киесі де – халық. Демек, қазба байлығы, суы мен нуы және жануарлары ел игілігі үшін. Ал, бұған дейін мемлекет меншігі саналған. Енді мемлекет халық атынан реттеуші рөлге ғана ие. Адам құқығы да Ата заңда айрықша айшықталды. Өлім жазасы конституциядан өшірілді. Өйткені, өлім жазасына кесу – кісі өлтіруді заңды түрде санкциялау деген сөз. Жалпы, құжатта әр азаматтың бостандығы, хақы мен қалауы қорғалған. Егер оған нұқсан келтірсе ондай құқықтық актілердің күші жойылады. Әділдікті Конституциялық сот орнатады. Бұл жаңа органға прокурор мен адам құқықтары жөніндегі уәкіл де жүгіне алады. Омбудсмен ешкімге бағынбайды. Ол тәуелсіз болады.

Эльвира Әзімова, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл:

Жаңа Қазақстан – әділетті Қазақстан. Негізгі ол дұрыс курс. Ол адам құқықтарына сәйкес негізі әлемдегі стандарт бойынша адам құқықтары менен демократиялық жолы бұл екі принцип бір-бірімен бірге жүруі керек. Әділеттілік пенен заңдылық.

Суперпрезиденттік басқару болмайды. Өкілеттігі қысқарады. Ешқандай партияға мүше емес. Мемлекет басшысының лауазымы жақын туыстарына артықшылық бермейді. Олар мемлекеттік орган, ұлттық компанияда басшы қызметін атқармайды. Облыс және респбуликалық маңыздағы қалалар әкімдерін өз бетінше тағайындай алмайды. Мәслихатқа кемінде екі үміткер ұсынуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ Конституциялық Сот, Ұлттық банк, Жоғары Сот Кеңесі мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағалары мен бас прокурорды тікелей бекітпейді. Сенаттың келісімі керек. Айтпақшы, осы аталған орган қызметкерлері саяси ұйымдарға мүшелікке өтпейді.

Мейрамбек Төлепберген, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Биліктер арасында баланстың болуы, Парламентке берілетін өкілеттіктер, мәслихатқа берілетін өкілеттіктер осыларды көрсе халық өзінің үнін айтады. Бұл жерде ешкімге артықшылық берілмеу керек. Жалпы мәселені барлық уақытта халық шешу керек деген осы принцип Қазақстанда жаңа бастамаларды қолдаудың бірден-бір тетігі осы. Сондықтан мен ойлаймын референдум халықтың сенімін ұлғайтады, билікке деген сенімі өседі.

Мәжіліс депутаттарын сайлау партиялық тізіммен ұсынылмайды. Енді халық тең және төте сайлау өткізеді. Ал, заңды Сенат мақұлдап, Мәжіліс қабылдайды. Сөйтіп Президенттің қол қоюына жіберіледі. Егер ол келіспесе кері қайтарады. Бірақ, депутаттардың 3-тен 2 бөлігі Президент шешімін қабылдамаса Президент сонымен келіседі.

Бейбіт Исабаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Кез-келген жаңа мемлекеттік өзгеріс оның заңнамалық негізінен, фундаментінен басталады. Бұл өзгерістер мемлекет басшысының өкілеттігін күшейтпейді. Керісінше биліктің басқа тармақтарының өкілеттігін нығайта отырып, мемлекеттілігіміздің нығаюына, орнықтылығына, теңгерімді жұмыс жасауына қол жеткізеді деп ойлаймын.

Паралмент дағдарыс жағдайында заң жобасын шұғыл әзірлеуі керек. Құжат қаралып жатқанда үкімет өз жауапкершілігімен нормативтік-құқықтық акт негізінде шара қолдана береді. Жалпы өзгеріс енетін 33 бап ел референдумынан өтеді.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу