Референдум: Конституцияның үштен бірі қайта жазылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Референдум: Конституцияның үштен бірі қайта жазылады

18.05.2022

Алдағы референдумда дауыс берушілердің жартысынан көбі өзгерістерді жақтаса, Конституцияның үштен бірі қайта жазылады. 33 бапқа 56 түзету енгізіледі. 2 бөлімнің атауы өзгереді.

Жер және оның қойнауы халыққа тиесілі. Ата заңға енгізілетін өзгерістердің бірі осы. Қолданыстағы редакцияда "табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады" деп жазылған. Президент өкілеттігі қысқарады. Парламент пен мәслихаттардың рөлі күшейеді. Бас құжатта 46-бап өзгеріске ұшырайды. Мұнда «Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және Конституциялық заңмен айқындалады» деген 4-ші тармақ алынып тасталады. Сонымен қатар, Мәжіліс Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен аралас сайлау жүйесі бойынша жасақталады. Депутаттар партиялық тізіммен ұсынылмайды. Халық тең және төте сайлау өткізеді. Депутаттар саны 98. Бұл 50-баптың 3-тармағына енгізілетін өзгеріс. Қолданыстағы редакцияда «Мәжіліс Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын 107 депутаттан тұрады» деп жазылған.

Құқық қорғау институттарын күшейту тетіктері

Ата заңға енгізілетін өзгерістердің бір бөлігі құқық қорғау инситуттарын күшейтуді көздейді. Бас құжатта өлім жазасына тыйым салынады. Бұл 15-баптың 2-тармағы. Мемлекетімізде Конституциялық сот құрылады. Бақылаушы органға кез келген азамат жүгіне алады. Өтініштер бойынша нормативтік құқықтық актілердің Ата заңға сәйкестігін қарайды. Шешім шығарады. Билік етеді. Және оның шешімі орындалуға міндетті. Қолданыстағы редакцияда мұндай мүмкіндіктер қарастырылмаған. Тағы бір жаңашылдық - Адам құқықтары жөніндегі уәкіл азаматтардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдеседі. Қазіргі қолданыстағы бас құжатта мұндай институт жоқ. Бұл Ата заңға енгізілетін жаңа бап. Өзгерістер заң тәртібін күшейтіп, құқық қорғау қызметін ұдайы жетілдіру үшін қажет.

Референдум жүзеге асса Ата заңдағы 33 бапқа 56 түзету енгізіледі. Демек, елді ауқымды саяси жаңғырту күтіп тұр. Бұл әділетті мемлекет құрудың басты қадамы. Жаңашылдықтар жарқын болашақ пен қоғам мүддесі үшін қызмет етеді.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу