«Самұрық-Қазына» қорындағы корпоративтік орталық қызметкерлері 2 есе қысқарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Самұрық-Қазына» қорындағы корпоративтік орталық қызметкерлері 2 есе қысқарды

04.05.2022

«Самұрық-Қазына» қорындағы корпоративтік орталық қызметкерлерінің саны 2 есе қысқарды. Дәлірек айтсақ, 248-ден 124-ке дейін азаяды. Бұл туралы қордың басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев айтты. Қордағы құрылымдық бөлімшелердің саны кеміген. Лондон, Мәскеу, Бейжің, Әбу-Даби қалаларындағы шетелдік өкілдіктері де жабылды. Бұл шаралар корпоративтік орталық бойынша шығындарды шамамен 2,6 млрд теңгеге қысқартуға мүмкіндік берді. Ал ірі компанияға қарасты қарапайым жұмысшылар, яғни 200 мың қызметкердің жалақысы 48% пайыз өсті. Осылайша қор Президент сынынан кейін біраз реформа жасауға кіріскен. Мәселен, сатып алудың жаңа тәртібі бекіді. Делдалдармен келісімшарттар бұзылды. Қор басшысының айтуынша, «ҚазМұнайГаз» бен «AirAstana»-ны IPO-ға шығару шешімі жазда қабылданады. Бұл компания акцияларын халыққа ашық сатуға мүмкіндік береді.

Алмасадам Сәтқалиев, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының» АҚ басқарма төрағасы:

Компанияларды IPO-ға шығару оңай шаруа емес. Құбылмалылық тренді бүгінде барлық қаржы нарығында жүріп жатыр. Осы орайда халықаралық инвесторлардың біздің өңірге деген қызығушылығының белгілі бір деңгейде төмендеуі байқалады. Өз кезегімізде отандық компанияларды көпшілік алдына сатуға шығару үлкен әлеуетке ие деп санаймыз. Бұл орайда «ҚазМұнайГаз» және «AirAstana» компанияларының дайындық деңгейі өте жоғары. IPO-ға шығаруға қатысты соңғы шешім жазда қабылданады.


Хабарламаларға жазылу