Боралдай елдімекеніндегі қараусыз қалған аумақтың айналасы қоқысқа толы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Боралдай елдімекеніндегі қараусыз қалған аумақтың айналасы қоқысқа толы

03.05.2022

Алматы маңындағы саяси қуғын-сүргін құрбандары жерленген қасиетті орынды қоршап, мемлекет қарамағына өткізу керек. Себебі, Боралдай елдімекеніндегі қараусыз қалған аумақтың айналасы қоқысқа толы. Әрі маскүнемдердің жиналатын орнына айналған. Ел егемендігі үшін күрескен ұлы тұлғалардың ұрпақтары Ұлттық арнадан көмек сұрады. Олар мәселеге жергілікті билік араласса дейді.

Бұл маңда шашылған түрлі ішімдік ыдыстары мен целлофан пакеттерден аяқ алып жүру мүмкін емес. Ел арасында Қандысай атауымен белгілі қасиетті орында саяси қуғын-сүргін құрбандары жатыр. 1938 жылы Сталиннің бұйрығымен бір түнде 19 «нарком» атылып, денесі осында тасталған. «Бірақ, бұл жайлы ешбір ресми құжатта жазылмаған», - дейді ұрпақтары.

Сұңқар Қарабалин, Ұзақбай Құлымбетовтің немересі:

Жастар көріп, тарихқа көзқарасы қалыптасады. Егер осындай қалыпта тұра берсе ертең ұмытылады, қалады. Соны жалғастырмасақ ертең біздің ұрпақтар келе ме, келмей ме белгісіз.

Қандысайда жерленген 19 мемлекет қайраткерінің қатарында Ұзақбай Құлымбетов, Темірбек Жүргенов, Жанайдар Сәдуақасов, Хасен Қошанбаев сынды тұлғалар бар.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Ескерткіш аумағы 5 жылда абаттандырылмаған. Яғни, қараусыз қалған. Тіпті тастағы даталардың өзі қате жазылған дейді Сталиндік репрессияға ұшыраған отандастарымыздың ұрпақтары. Тарихи деректерге сүйенсек саяси қуғын-сүргін 1930 жылдары басталып, 1953 жылға дейін жалғасқан.

Ғалымдардың сөзінше, ұлт азаттығы үшін күрескен қайраткерлерге Кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізушілер, ұлтшылдар және жапон, неміс тыңшысы деген айыптар тағылған.

Мейіржан Мұсабаев, Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің меңгерушісі:

Қазақтың мәдениетін, қазақтың тілін дамытуға ат салысқан тұлғаларды біз ескеруіміз керек. Оларға тиісті бағасын беруіміз керек.Біздің көтеріп отырған мәселеміз осы 19 «наркомға» тиесілі ескеркіш қойылып, бұл жер дұрыс қаралса.

Екі жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары қолға алынды. «Алайда, бұл бағыттағы шаруа тиісті деңдейде атқарылмай отыр», – дейді тарихшылар.

Хангелді Әбжанов, ҰҒА академигі, тарихшы:

Бір қарағанда, жұмыс жүріп жатыр. Бірақ, сол қуғын-сүргін құрбандары әлі қамауда жатқан сияқты. Өйткені, олардың құжаттары құпия, берілмейді. 00:32 Одан қалды, осы қуғын-сүргін құрбандарына қойылған ескерткіштің мен кереметін көрген жоқпын.

Боралдайдағы белгітасты қалыпқа келтіріп, айналасын абаттандыру бойынша тарихшылар мен саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары Алатау әкімдігіне жүгінген. Бірақ әлі күнге тиісті жауап ала алмаған. Енді олар Президентке үндеу жолдауға бекініп отыр.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу