Жүзеге аспаған жоба - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жүзеге аспаған жоба

14.01.2014
Жүзеге аспаған жоба

Екі жыл бұрын Батыс Қазақстан облысында өңір тұрғындарын қыс кезінде көкөніс өнімдерімен қамту мақсатында ірі жылыжай шаруашылығын құру қолға алынды. «Көкөніс» атты серіктестік құрылып, әлеуметтік жобаға Зеленов ауданынан жер бөлінді.

 
20 жылыжайды салып, оларды жақын орналасқан газ-электр станциясы тарататын жылумен қамтамасыз ету жоспарланды. Алайда жоба орта жолдан тоқтап қалды. Тіпті қазір салулы тұрған жылыжайлар бұзылып жатыр.
 
Бұл - тура екі жыл бұрынғы көрініс. Бірнеше айда салынған 20 жылыжай қаздай тізіліп тұр. Кешенге электр энергиясы тартылып, трансформатор да орнатылған. Алайда жоба осыдан әріге бармады.
 
Рауан Диәли, тілші:
Мынау кешеннің қазіргі жағдайы. Жылыжайларды құрылыс компаниялары бұзып әкетіп жатыр. Қазір 20 нысанның бесеуі ғана қалыпты. Олар да жақын күндері жоқ болатын тәрізді.
 
Жоба жүзеге аспауына не себеп деген сұраққа жылыжайларды тұрғызып, қазір қайта бұзып жатқан компаниялардың басшылары жауап беруден бас тартты. Бір белгілісі - әр кәсіпорынның құрылысты мемлекеттің емес өз қаржысы есебінен жүргізгені. Зеленов ауданының басшылығы мәселені былай түсіндіреді.
 
Ақылбек Аманғалиев, Зеленов ауданы әкімінің орынбасары:
2011 жылы Зеленов ауданы аталған жобаны жүзеге асыруға 8 гектар жер берді. Қазіргі таңда қаржының тапшылығына байланысты бұл жоба тоқтатылған. Бұл жерде әрбірінің аумағы 500 шаршы метр болатын 44 жылыжай салынады деп жоспарланған еді. Қалыптасқан қиындыққа қатысты құрылтайшылар ауданның ауыл шаруашылық бөліміне бизнесті дамытуға қаржы қажет деген ұсыныс түсірген жоқ.
 
Осылайша маңызды бастама аяқсыз қалды. Бұған қаржыны жетістірмеген құрылтайшылар ма, әлде өзекті мәселені шешуге көңіл бөлмеген атқарушы билік кінәлі ме? Бұл жағы белгісіз. Қалай десек те қыруар қаржы мен есіл еңбектің зая кеткені анық.
 
 
Рауан ДИӘЛИ

Хабарламаларға жазылу