Ата заңның 33 бабына 56 түзету енгізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ата заңның 33 бабына 56 түзету енгізіледі

25.04.2022

Ата заңның 33 бабына 56 түзету енгізіледі. Бұл туралы бүгін Конституциялық Кеңес мүшелері мәлімдеді. Солардың бірқатарын Нысаналы Ығыл баяндайды.

«Балам бол, басқа бол – бәріңе заң біреу-ақ». Бұл нақылды мақұлдау үшін әділет табар орган керек. Ондай орган құрылады. Конституциялық сот – азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау тетігіне айналмақ. Бұған дейін жұрт конституциялық кеңеске жүгініп келді. Бірақ, бару-бармауын судьялар шешетін. Енді, кедергі жоқ.

Бақыт Нұрмұханов, Арнайы жұмыс тобының мүшесі, Конституциялық кеңестің аппарат жетекшісі:

Осы уақытқа дейін Қазақстан азаматтары Конституциялық кеңеске тек соттар арқылы жүгіне алды. Бұл тәртіп онша тиімді жұмыс істеген жоқ. Енді азаматтар Конституциялық сотқа тікелей жүгіне алады. Сонымен қатар бұндай мүмкіндік бас прокурор мен омбудсменге де беріліп отыр. Бұл институттар өз өкілеттіктерін атқару кезінде адам құқықтарына нұқсан келтіретін заңнаманың кемшіліктері мен олқылықтарына жиі кездеседі. Сондықтан Конституциялық сот арқылы оларды жою мүмкіндігі туындайды.

Конституциялық сот төрағасын қосқанда 11 судьядан тұрады. Төртеуін Президент тағайындаса, алтауын Парламенттің қос палатасы таңдайды. Аталған органның төрағасын Сенаттың келісімімен Президент бекітеді. Омбудсменге, яғни адам құқығы жөніндегі уәкілге қатысты да оң өзгеріс бар. Ол тәуелсіз болады. Мемлекеттік орган мен лауазымды тұлғалар алдында есеп бермейді.

Индира Әубәкірова, Арнайы жұмыс тобының мүшесі, заң ғылымдарының докторы:

Осы ретте депутаттар алдында ауқымды жұмыс тұр. Сондықтан жолдауда айтылған және біздің конституциялық реформа жөніндегі топтың көтерген мәселелері заңда сауатты көрініс тапса дейміз. Сөйтіп, билік пен халық арасында аталған кедергілердің бәрі кемісе деген тілек бар. Себебі, конституция жалпы саяси бағытты айқындайды. Ал, жік-жікке бөліп, нақты нормаларды бекіту енгізілетін заң аясында жүргізіледі.

Парламент – дағдарыс жағдайы туа қалса абдырамай, дағдылана білуі шарт. Мысалы, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылымға қауіп төнсе, я болмаса қоғамдық тәртіпті қорғау мен ел экономикасын қатерден сақтандыруда заң жобасын шұғыл әзірлеуі керек. Құжат қаралып жатқан уақытта үкімет өз жауапкершілігімен нормативтік-құқықтық акт негізінде шара қолдана береді. Ата заңда тұңғыш президенттің де мәртебесі анықталды. Оған қатысты конституцияда «тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы» деген сөз ғана қалады.

Нысаналы Ығыл

 

Хабарламаларға жазылу