Монғолияның Ұлан-Батыр қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионатына қатысқан спортшыларымыз елге оралды. Құрлық біріншілігінде Қазақстан құрамасы грек-рим күресі бойынша топ жарып, жалпы командалық есепте көш бастады. Ал, еркін күрестен сынға түскен спортшыларымыз үздік үштіктен көрінді. Ұлан-Батыр әуежайынан ұшып шыққан рейс бүгін Алматыға қонды. Елге қуанышпен оралған спортшыларды жақын туыстары мен жанкүйерлері күтіп алды. Азия чемпионатына еркін күрестен 10 отандасымыз қатысып, оның сегізі жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтсақ, спорт шеберлері бір алтын, үш күміс және төрт қола медальға ие болды. Жеңімпаз Азамат Дәулетбеков 86 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Ол финалда Үндістандық қарсыласын 6:1 есебімен ұтқан.
Азамат Дәулетбеков, еркін күрестен азия чемпионы:
Ұзақтан күткен жеңіс. Осыған қол жеткізгенім үшін өте қуаныштымын. Бұл менің карьерамда бірінші рет осылай тумен жүгіріп тұрмын. Соған өте қуаныштымын. Жарыс мен үшін сәтті өтті. Бәрі ойдағыдай болды. Бапкерлердің айтқан жоспары бойынша бәрін орындап шықтым.
Қуан Нұрақын