Азық-түліктің қымбаттауына жол берген әкім орынбасарларына шара қолданылады. Әсіресе, баға Нұр-Сұлтан мен Алматыда шарықтаған.
Жалпы, әлеуметтік маңыздағы тауарлар бағасы 0,6%-ға өскен. Пияз, сәбіз, құс еті және қант қымбат. Павлодарда қырыққабаттың келісі тіптен 340 теңгеге саудаланған.
Аталған өңірлердің есебін тыңдаған Премьер-Министр тапсырма орындалмағанын айтты. Бұған дейін нарықты ырыққа көндіру үшін қаржыландыруды арттыру жүктелген. Бірақ, жүрдім-бардым қараған шенеуніктер бүгін шегінерге жол таппады. Әлихан Смайылов айдың аяғына дейін қаржыландыруды 100 млрд теңгеге дейін ұлғайтуды қайта тапсырды. Енді нәтиже шығармаса, жауапты орынбасарлар жауапқа тартылады.
Әлихан Смайылов, Премьер-Министр:
Алдағы аграрлық маусым қарсаңында өңірлердің басты міндеті күзгі ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге форвардтық шарттар жасасуы керек. Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірге бағаны ұстап тұру мақсатында аграрлық өнімдерді жедел түрде тікелей жеткізу үшін өндіріс пен тұтыну теңгерімін мұқият қадағалап отыруды тапсырамын.