Шығыс Иерусалимдегі қақтығыс кезінде 31 палестиналық жараланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Иерусалимдегі қақтығыс кезінде 31 палестиналық жараланды

22.04.2022

Бүгін Шығыс Иерусалимдегі әйгілі «әл-Ақса» мешітінде қақтығыс болып, 31 палестиналық жараланды. Солардың 14-і госпитальге жеткізіліп, екеуі ауыр халде жатыр.

Израиль полициясының айтуынша, жанжалға еврейлер мінәжат етіп жатқан орын маңында палестиналықтардың тас пен фейерверк жинай бастауы себепші.

Палестиналықтар Израильді исламдағы үшінші қасиетті жерде еврейлердің ғибадат етуіне бұрын салынған тыйымды орындамай, арандатушылыққа барды деп айыптап отыр. Израиль тағылған кінәні мойындамады.

«Әл-Ақсадағы» зорлық-зомбылық соңғы аптада күшейіп, Израиль мен Палестина арасындағы үлкен жанжалға ұласып кетеді деген қауіп туындап отыр.

Израиль бұл кешенді 1967 жылғы соғыста басып алды. Ал, палестиналықтар «әл-Ақса» мешіті орналасқан Шығыс Иерусалимді өз болашақ мемлекетінің астанасы етуден үмітті.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу