Басты Жаңалықтар Қостанай облысындағы Қарақоға окугінің тұрғындары тас-талқаны шыққан жолды өз күштерімен тегістеуге мәжбүр

Қостанай облысындағы Қарақоға окугінің тұрғындары тас-талқаны шыққан жолды өз күштерімен тегістеуге мәжбүр

Қостанай облысындағы Қарақоға окугінің тұрғындары тас-талқаны шыққан жолды өз күштерімен тегістеуге мәжбүр. Меңдіқара ауданына қарайтын бұл округке 5 елдімекен кіреді. Олардың бәрі мемлекеттік шекара сызығының бойына орналасқан. Осы бағытқа, өткен ғасырдың сексенінші жылдары салынған жол содан бері жөндеу көрмей, адам көргісіз күйге түсіпті.

Меңдіқара ауданының орталығынан Ұзынағашқа дейінгі қашықтық 65 шақырым. 2019-2020 жылдары соның 30 шақырымы жартылай жөнделген. Былтыр қаржы бөлінбей жұмыс тоқтады. Қалған бөлігі тас-талқан боп жатыр. Мемлекеттен қайыр көрмеген тұрғындар қолдарына күрек алып ой-шұқырды өздері бітеуге тырысады.

Мағзұм Әбішев, Ұзынағаш ауылының тұрғыны:

Күл төгіп жатырмыз. Кейде құм төсейміз.2-3 күнде жел болса бұл ұшып кетеді бірақ. Жылда істейтініміз осы. Ел боп, халық боп жиналып ой-шұқырды тегістейміз.

Ұзынағашқа қарасты елді-мекендерде кезінде 5 мыңнан аса адам тұрған. Қазір соның мыңға жуығы ғана қалыпты. Жұрттың үдере көшуінің бірінші себебі қатынастың қиындығы.

Манарбек Әбдірахманов, Ұзынағаш ауылының тұрғыны:

Жаман деуге де келмейді. Көретін күніміз осы. Қысы, жазы. Қыс болса, қар өз алдында, жаз мінеки шүңқыр. Адам әрине ауырмай тұрмайды, бәрімізде пендеміз. Мына жолмен, қай кезде біз ауруханаға жетеміз.

Жол болмағасын қоғамдық көлік жүрмейді, жедел жәрдем келмейді. Тіпті нан таситын көліктің өзі аптасына бір-ақ рет қатынайды.

Бақыт Мырзағалиева, Ұзынағаш ауылының тұрғыны:

Нан таситын көлік келсе сынып кетеді. Міндетті түрде. Адамдар бір жетіге 10-15 бөлке нан алып қалып, мұздатқышқа қатырып қойып жейді. Жас нан жемейміз біз.

Жағдайдан әрине, аудан басшылары хабардар. Бірақ жолды жөндеп тастауға жергілікті бюджет қауқарсыз. Сондықтан құжат дайындап, облыстың қолдауын күтіп отыр.

Николай Гулаков, аудандық жолаушылыр көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы:

Біз дайындаған техникалық құжат автокөлік комитетінің ведмоствалық сараптамасынан өтті. Сосын осы жол аумағын 2023-25 жылдардағы басым бағытты бағдарламаға енгізу туралы облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік басқармасына тапсырыс бердік.Әзірге жауап келген жоқ.

Мамандардың айтуынша жолдың қалған бөлігін жөндеуге 2 млдр теңгеге жуық қаржы қажет. Ал биыл оның бес шақырымы ғана тегістеледі. Қалғанына кезек қашан жетері беймәлім.

Дәуренбек Әбдібек


Бөлісу