Украина мен Ресей армиялары Донбасста шешуші шайқасқа әзірленіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украина мен Ресей армиялары Донбасста шешуші шайқасқа әзірленіп жатыр

11.04.2022

Украина мен Ресей армиялары Донбасста шешуші шайқасқа әзірленіп жатыр. «Ассоушиэйтид пресс» агенттігінің хабарлауынша, бұл ұрыс бірнеше күннің ішінде басталуы мүмкін. Соңғы деректерге сай, Ресей күштері қалаларға әуеден соққы беріп жатыр. Ал осы елдің қорғаныс министрлігі операцияға қатысты жаңа дерек келтірді. Австрия канцлері Мәскеуде бүгін Ресей президентімен кездеседі. Тақырыпты халықаралық шолушымыз Арай Төлегенқызы жалғастырады.

Шығыста үлкен қақтығысқа әзірлік жүріп жатыр

Соңғы деректерге сай, Ресей күштері Украинаның бірнеше қаласын зымыранмен атқылады. Харковьте әуе шабуылынан 11 адам қаза тауып, 14-і жараланған. Ал Николаевта жойқын жарылыс болды. Соңғы күндері Ресей күштері Украинаның оңтүстігі мен шығысына ойысып жатыр. Таяуда Донбасста шешуші шайқас болмақ. Ал Украина президенті Владимир Зеленский Ресей елдің шығысына оңдаған мың жауынгерін шоғырландырып жатқанын мәлімдеді. Оңтүстік Корея парламенті алдында видео-байланыс арқылы сөз сөйлеп, қару сұрады.

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

Жылдам қимылдау қажет. Украинаға қару беру арқылы қалаларымызды босатуға, басқыншылықтың өзге де мемлекеттерге, өңірлерге тарауына жол бермеуге тосқауыл қоясыз.

Әуе шабуылы. Армия Украинадағы 78 әскери нысанға соққы берген

Тағы бір мәлімет. Бүгін Австрия канцлері Карл Нехаммер Ресейге сапармен барып, президент Владимир Путинмен жабық есік жағдайында кездеседі. Лидерлер Украинадағы жағдайды, гуманитарлық дәліздер ашу мәселелерін талқыламақ. Сонымен бірге, Ресейдің Қорғаныс министрлігі бүгін Украинадағы операциясына қатысты дерек келтірді. Бұған сай, армия 78 әскери нысанға соққы берген. Херсон облысында украиналық бір ұшақ, Изюм қаласында екі Су-25 ұшағы жойылды. Ескеретін жайт - бұл деректерді растау немесе жоққа шығару мүмкін емес.

Игор Конашенков, Ресей қорғаныс министрілігі өкілі:

Теңізден жіберілген «Калибр» зымырандары С-300 зениттік-зымырандық батальонының техникасын жойды. Төрт С-300 зымыран тасығышы мен Украина қарулы күштерінің 25 әскери қызметкеріне соққы берілді.

Әлемдік банктің хабарлауынша, биыл әскери қақтығыс салдарынан Украина экономикасы 45 пайызға, Ресейдің жалпы ішкі өнімі 11,2 пайызға қысқаруы мүмкін.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу