ШҚО-да өзен тасып, су 8 үйге кірген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да өзен тасып, су 8 үйге кірген

11.04.2022

Шығыстағы Бородулиха ауданында Үбі өзені тасып, сол маңдағы ауыл тұрғындары шұғыл көшірілді. Құтқарушылар соңғы 2 тәулікте 36 адам мен 50-ге жуық малды қауіпсіз жерге көшірді. Үйін су алған тұрғындар сол ауылдағы туыс-туғандарына орналастырылды. Құтқару жұмысына Төтенше жағдай департаменті жеке құрамынан 69, ал аудан әкімдігінен 20 маман жұмылдырылды. 8 үйге кірген суды 11 мотопомпамен сорғызып жатыр. Кейбір аулаларда ғана су бар. Бастапқыда судың деңгейі жарты метрге дейін көтерілген. Үбі өзенінің дәл ауылдың тұсынан өтетін сағасына мұз кептеліп, арнасынан асып кеткен. Мамандар тікұшақпен шолып шығып мұзды жарды. Осыдан соң өзен арнасына түсіп, ауылға жайылған судың деңгейі де төмендеді.

Ринат Қондыбаев, облыстық ТЖД басқарма басшысы:
Ауылда қазір жалпы жағдай тұрақталды. Бүгінге дейін су кірген үйлер толық тазартылды. Дегенмен сақтық шарасын күшейту үшін көрші ауылда 100 адамдық орын дайындалды. Облыс орталығынан қосымша күш көмекке келді.

Хабарламаларға жазылу