Алматы облысында заңсыз балық аулау тыйылмай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында заңсыз балық аулау тыйылмай тұр

04.04.2022

Алматы облысындағы су айдындарында елімізде қолдануға мүлдем тыйым салынған құралдармен балық аулау тыйылмай тұр. Былтыр табиғат қорғаушылар көлдерден 3 мың шақырым моноталшықты ау шығарып, көзін жойған. «Таза су айдындары» акциясы биыл да өз жалғасын тапты.

Сырт көзге бұл азаматтар балық аулап отырғандай әсер қалдырады. Алайда олар браконьерлер қойып кеткен ауларды жинап, балықтарды қайта суға жіберіп жатыр. Көлдегі балық қорын молайтуға өз үлесін қосуда. Себебі бірер күнде бұл балықтар уылдырық шаша бастайды.

Сергей Хан, ерікті:

Жақсы емес. 300 метр шығардық. Мынау сетка. Бүгін ертең таппайтын шығармыз.

Көлді тазалауға Сергей сынды 100-ге жуық ерікті келді. 30 қайыққа отырып, 50 гектар аумақты шолып өтті. Дәл осы жерде жыл он екі ай балық аулауға тыйым салынған. Өйткені осы маңда аналық балық ағынға қарсы жүзіп, уылдырық шашады. Алайда мұны өте жақсы білген браконьерге бәрібір.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Қытайда өндірілетін моноталшықты аулардың бір жаман қасиеті судың астында да шірімейді. Ал оған балықтар көп түседі. Мысалы мына үйіндінің ішінде тірі балық та, өлі балық та бар. Арасында міне шаян да түсіп жатыр.

Айналдырған екі үш сағаттың ішінде 3 тонналық жүк көлігі көлден жиналған ауға лық толды. Балық өлекселері мен құралдар міндетті түрде қоқыс полигонында жойылады. Бұл жердегі ең өзекті мәселе тыйым салынған құралдардың қол жетімділігі.

Ринат Қумашев, Алматы облыстық балық инспекциясы басшысының орынбасары:

Тыйым салынған аулар бізде заңмен тек қана қолдануға ғана емес, оны сатуға да Қазақстан Республикасына кіргізуге де тыйым салынған. Алайда өздеріңіз көріп отырғандай аталған балық аулау құралдары қолданылып жатыр.

Браконьерлер құрып кеткен тұзаққа негізінен табан балық, көксерке түсіп жатыр. Өкініштісі қызыл кітапқа енген бекіре тұқымдастар да кездеседі.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу