Теріскейде ауыл түлеп жатса, түскейде гүл өсіруді табыс көзіне айналдырған отбасы бар. Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғыны Жаңыл Сламбекова әу баста алақандай жерге көшет егіп, пайда таба бастаған. Бүгінде дала гүлдерінің алпысқа жуық түрі өсетін жылыжайда отбасы мүшелерінен бөлек, ауылдастары да жұмыс істейді. Кәсіпкер өткен жылы ауыл шаруашылығын қолдау қорынан жеңілдетілген несие алған. Содан бері гүл көшеттерінің түрін көбейтіп, табысы еселене түсті. Бірнеше облыс пен аудан орталықтарынан, түрлі мекемеден тапсырыс түсе бастаған. Елімізде сатылатын гүлдердің 30 пайызы отандық өнім. Өйткені бұл саланы табыс көзіне айналдырғандар аз. Ал сұраныс негізінен бір жылдық, маусымдық гүлдерге болады дейді кәсіпкер.
Жаңыл Сламбекова, кәсіпкер:
Әр гүлдің күтімі әрқалай. Біреуі ыстықты қалайды, біреуі салқынды қалайды. Біреуі суды көп қалайды, біреуі суды аз қалайды. Соның бәрін біз білгенше он жылдай уақыт керек болды. Он жылға шейін біз өзіміздің тәжірибемізді көбейте бердік. Солай қазір біз барлық гүлдің күтімін білеміз.
Айнұр Ақбаева