Украинада бүгін бірнеше бағытта гуманитарлық дәліздерді ашу көзделіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинада бүгін бірнеше бағытта гуманитарлық дәліздерді ашу көзделіп отыр

29.03.2022

Әскери қақтығыс жалғасып жатқан Украинада бүгін бірнеше бағытта гуманитарлық дәліздерді ашу көзделіп отыр. Тұрғындар Мелитополь, Мариуполь мен Энергодар қалаларынан Запорожье арқылы эвакуцияланады.

Соңғы деректерге сай Украина қарулы күштері Киев түбіндегі Ирпень қаласы мен Херсон облысындағы бірнеше елдімекенді қайтарған. Ал 27 күн бойы қоршауда отырған Мариупольда ғимараттардың 90 пайызы қирады. Үш аурухана жермен-жексен болған. Ресейлік күштер Чернигов қаласын да толықтай қоршауға алған.

Британия қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Украинаның шығысында «Вагнер» компаниясының мың шақты жалдамалы қызметкері Ресей әскерінің жағынан қақтығысқа қосылған. Ал Financial Times газетінің хабарлауынша, Мәскеу Киевке қарсы талаптарының көбінен бас тартуға дайын. Сонымен бірге Украинаның ЕуроОдаққа мүше болуына келісуге, оған көпжақты қауіпсіздік кепілдігін беруге қарсы емес. Дегенмен Ресей Киевтен НАТО-ға кіру жоспарынан бас тартуды, үшінші елдердің әскери базаларын Украина аумағына кіргізбеуді және ядролық қару жасауға тырыспауды талап етіп отыр.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу