Киевте бірнеше жарылыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Киевте бірнеше жарылыс болды

03.03.2022

Украина астанасы Киевте таңертең төрт жарылыс жаңғырығы естілді. Оның екеуі қала орталығында, қалған екеуі метро станциясы жанында болған.

Қалада әуе дабылы қосылды. Оқиға кезінде жапа шеккендер туралы мәлімет түскен жоқ. Херсон қаласы ресейлік күштердің бақылауына өтті. Харковь қоршауда қалды. Қалада азық-түлік қоры таусылуға жақын. Ал Мариуполь қаласында жағдай қиын. Жергілікті әкімшіліктің мәліметінше, қалаға 15 сағат бойы артиллерия, зымырандық құрылғылардан оқ жаудырылған.

Ресей қорғаныс министрлігі: Украинада 498 ресейлік сарбаз қаза тапты

Ресей қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, ел Украинада 498 сарбазын жоғалтып, 1597-і жараланған. Ведомство өкілі Украина жағынан 2870 сарбаз қаза тауып, 3700 -дейі жараланғанын, сондай-ақ, 572 әскери қызметкер тұтқынға түскенін мәлімдеді.

Қақтығыс сегізінші күнге ұласты

Ал Украина президенті Владимир Зеленскийдің мәлімдеуінше, Ресей бір аптада 9 мың сарбазынан айырылған. Дегенмен жоғарыда аталған деректерді растау немесе жоққа шығару мүмкін болмай отыр.

БҰҰ: 1 миллионнан астам украиналық көршілес елдерге кеткен

БҰҰ-ның соңғы дерегінше, көршілес мемлекеттерге кеткен украиналықтардың саны миллионнан асқан. Олардың қатары 4 миллионға жетуі мүмкін. БҰҰ босқындарға көмектесу үшін 2 млрд доллар бөлуді сұрады.

Украина-Ресей келіссөзі бүгін өтеді

«Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, Украина мен Ресей арасындағы келіссөз бүгін өтеді. Тараптар атысты тоқтату және гуманитарлық дәліз ашу мәселелерін талқыламақ. Қос мемлекеттің делегаттарының бірінші кездесуі ақпанның соңында өткен еді.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу