Алматы облысында жол бойында көкпар тартқандар жазаланды. Оқиға Қарасай ауданының Алматы-Жандосов тас жолында болған. Куәгерлердің сөзінше, 50 шақты шабандоз жол жиегінде бір-бірімен жарысып, көлік жүргізушілеріне кедергі келтірген. Арасында атпен жол ортасына шығып кеткендер бар. Полицияның хабарлауынша, көкпарды сәбиінің дүниеге келуіне орай 34 жастағы тұрғын ұйымдастырған. Тәртіп сақшылары азаматқа әкімшілік хаттама толтырды.
Әбілтай Әбенов, облыстық ПД ресми өкілі:Жергілікті атқарушы органдарға бұл оқиға туралы хабарланбаған. Осыған байланысты қатысушылар бақылаусыз қалып, ойын алаңынан шығып кеткен. Құқық бұзу дерегін ескере отырып, ұйымдастырушы ӘҚБтК-нің 434-бабы «Ұсақ бұзақылық» бойынша жауапкершілікке тартылды.