Астықтың сапалы сұрпы Ресейден келетіндіктен егін егу науқаны қиындауы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астықтың сапалы сұрпы Ресейден келетіндіктен егін егу науқаны қиындауы мүмкін

26.03.2022

Биыл көктемгі егіс жұмыстары кеш басталуы мүмкін. Өйткені, сырттан келетін тұқымды жеткізу қиындады. Ресей тарапынан салынған шектеу мәселені тіпті күрделендіріп отыр. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінен кәсіпкерлер мардымды жауап ала алмай отыр.

Отандық кәсіпкерлердің көбі Ресейден өнімдерін жеткізе алмай отыр. Бұл павлодарлық шаруа иесінің тауары. Жолда тұрғанына екі аптаға таяды. Келісімге келген, ақшасы төленген. Бірақ соңғы шектеулерге байланысты кедергі көбейді.

Серік Жарылғапов, сарапшы, облыстық Мәслихат депутаты:

– Ресейден бізге биыл 22 мың тонна тұқым келу керек. Жеткізілуі енді екіталай. Көктемгі егіс науқанына дейін мәселе шешілмесе6 онда элиталы тұқымның орнына өзіміздің өнім себіледі. Бірақ сапасы төмен болады.

Ербол Есенеев, «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры:

– Канада, Ресей елдерінің ғалымдары біздің ғалымдардан артық істейді деп айтуға болады. Неге десеңіз, олар қуаңшылыққа төзімді тұқымдарды көп шығарады, сондай тұқым сұранысқа ие. Әрине, көп сұрақ туындайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жеке шаруашылықтарда ұзақ мерзімге арналған бағдарлама болу керек. Біреуге қарап отыруға болмайды.

Ал Ресей тарапы бұл мәселені көп кешікпей шешеміз деп отыр.

Наталья Шагайда, Ресей федерациясының Ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлық саясат бөлімінің директоры:

– Қазір экономикалық және саяси жағдай өте қиын. Ресей үкіметі ішкі нарықты қамтуға тырысып жатыр. Екінші жақтан, Қазақстан мен Ресей Еуразиялық экономикалық одаққа мүше. Сондықтан қолдау көрсетілуі керек деп есептеймін. Екі ел үкіметі бұл мәселені шешетініне сенімдімін.

Тағы бір проблема – қолда бар астықты күзге дейін жеткізу. Әйтпесе, тапшылық салдарынан бағаны ұстау мүмкін болмай қалады. Ал кәсіпкерлер палатасының өкілдері артық қорға қатысты ақпаратқа күмәнданып отыр. Сондықтан экспорт мәселесіне абай болуға шақырды.

Ербол Есенеев, «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры:

– Біздің есебіміз бойынша 6 млн-нан артық болмайды. Оның ішінде 3,5 млн елімізге керек. 3 млн тоннадай экспортқа дайын өнім. Шектеулі мөлшерде шығару. Санау керек.

Тығырыққа тірелген шаруалар қанша дабыл қаққанымен құзырлы орган әлі үнсіз. Ауыл шаруашылығы министрлігі екі күн қатарынан біздің сауалдарға да жауап беруден бас тартты.

Хабарламаларға жазылу