Түркістан облысы Сарапхана ауылында халық саны өскенімен, соңғы оншақты жылда үй салу үшін бірде-бір жер телімі берілмеген. Ал, ауыл әкімі баспана тұрғызу үшін лайықты инфрақұрылымның жоқтығын алға тартады. Үй іргелік жерден бөлек, ауыл халқы жайылымнан да таршылық көріп келеді.
Бауыржан 13 жылдан бері бөтеннің босағасын сағалап келеді. Үш баласымен ауылда пәтер жалдап тұрмаған жері аз. Жер кезегін күткеніне 8 жылдан асып барады. Әлі берілетін түрі жоқ.
Бауыржан Таскетбаев, ауыл тұрғыны:
Пәтер ертең сатылып кетсе мен қайда тентіреймін, кімнің үйіне барып паналаймын.
Сарапхана ауыл округі бойынша 200-ге тарта адам жер кезегін күтіп жүр. Оның жартысынан көбі орталықтағы елді мекенде. Халық саны жыл санап көбейіп келеді. Бірақ соңғы оншақты жылдан бері жаңадан бірде-бір үй салынбаған.
Бектай Бағысбаев, ауыл тұрғыны:
Жер ала алмаймыз. Жер жоқ. Оны кімге барып арызданатынымызды да білмейміз. Әкімшілік жер жоқ дейді, болды.
Жергілікті билік тұрғындарға жер телімінің берілмеуіне инфрақұрылымның жоқтығын себеп етумен келеді. Бірақ оны тездетіп тартуға ауыл әкімі аса құмбыл емес. Өйткені ауызекі айтқаны болмаса жоғарыға нақты ұсыныс жасалмаған. Оның қай жылға жоспарланғанын да нақты айтып бере алмады.
Әбілқасым Тұрғараев, Сарапхана ауылының әкімі:
Орталықтан сұраныс жасап жатырмыз. Қаржы бөлінген жағдайда кезекпен үй іргелік жер бере аламыз.
Жердің аздығы халықпен бірге төрт түліктің де өкпесін қысып барады. Былтыр түгендеу жұмыстары кезінде игерусіз жатқан 469 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылатын болған. Алайда әлі күнге бір қарыс жер ортақ пайдалуға берілмеді.
Мұса Көмекбаев, ауыл тұрғыны:
Малды асырай алмаған соң сатып жатыр базарға. Біздің осы жердің өзіне 20 мың гектар мал жайылымы жетпейді. Қарны тоқ, күйі болмаған соң мал іш тастап жатыр.
Халықтың ашынатыны 2017 жылы аудан мәслихатының шешімен Сарапхана ауылына қосымша 349 гектар жер берілген. Алайда бұл өзгерістен соң да жайылым мен егістік кеңеймеді. Есесіне, ауыл әкімі осы жерге иелік етіп, отбасылық кәсібін дөңгелетіп отыр, - дейді жұрт. Бірақ, әкім бұдан бейхабар болып шықты.
Ғани Қалмаханов