Түркістан облысында ауыл халқы сатылып кеткен стадионды қайтарып алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында ауыл халқы сатылып кеткен стадионды қайтарып алды

20.05.2021

Түркістан облысы Қазығұрт ауданында ауыл әкімі аукцион арқылы сатып жіберген стадионды тұрғындар сот арқылы қайтарып алды. Негізсіз сатылып кеткен нысан туралы Ұлттық арна жаңалықтарында айтылған болатын. Осы материалдан кейін ауыл тұрғындары Сарапхана ауылы әкімінің шешіміне наразылық білдіріп, сотқа талап арыз түсірген. Жарты жыл бойына мән-жайды зерделеген Қазығұрт аудандық соты жуырда істі халықтың пайдасына шешіп берді.

Елді мекен азаматтарының қаржысына салынған стадионның 15 есеге арзан бағаланып, өзге біреуге сатылып кеткені сотта дәлелін тапты. Ең сорақысы спорт кешенін сатып алғандар «нысаналы мақсаты бойынша жұмысын ары қарай жандандыруы қажет»  деген талапты орындамаған. Қайта оны саудаға салып, пайда таппақ болған. Бұл мәселеде жергілікті биліктің салғырттық танытқаны да белгілі болды. Мемлекеттік сатып алу заңы бойынша ауыл әкімінің бір ай ішінде аукцион нәтижелерін теріске шығаруға құқы болғанымен ешқандай әрекет етпеген. Ол туралы ауыл халқының өтініш арызына да дер кезінде жауап бермепті. 

Нұрғали Оңғарбаев, Сарапхана ауылының тұрғыны:
 «Qazaqstan» телеканалының журналистері түсірген еді. Олардың да жақсы себептері тиген шығар. Нәтижесі жақсы болды. Жеңіп шықтық. Енді спорт комплексінің құрылысын бастаймыз деп отырмыз. 

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу