Тегісжол ауылында тұрғындар малына жайылым таппай таршылық көріп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тегісжол ауылында тұрғындар малына жайылым таппай таршылық көріп отыр

24.06.2019

Жайылымға  жер жоқ. Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Тегісжол ауылының тұрғындары қолдағы төрт түлігін далаға емін-еркін өргізе алмай отыр. Себебі шаруа қожалығы елді мекенді айналдыра егін салып тастаған. Малмен күнін көріп отырған жұрт қазір шарасыз жағдайда. 

Тегісжол егіншілер ауылы ретінде құрылған. Жері шұрайлы өлкеде кезінде бірнеше мың гектар егін салынды. 90-шы жылдағы тоқырау тұста жердің барлығы жекенің иелігіне өткен. Кейін шаруашылық жұмысы құлдилаған соң мұндағы жұмыссыз жұрт бос жатқан даланы еркін пайдаланып, малмен күнелтуге көшеді. Алайда соңғы екі-үш жылда ол тірліктің де берекесі қашыпты. Жер жаңа қожайынға егіншілік мақсатында өтіп, мал жаюға тыйым салынған.

Жаманқара Рақымберлин, ауыл тұрғыны:

Малымыз бар. Мынау қарапайым халықты көрдіңіздер ме? Жылап отыр барлығы. Осылар келгелі екі жылдан бері дау-дамайдың ортасындамыз. Енді мынау жаман қоршауға да дауласып қалыпты. Ұят нәрсе ғой. Біздің ата-бабамыздан келе жатқан жер ғой.

Шарасыз жұрт қолдағы малын қоршауда ұстап, ауыл ішінде жаюға мәжбүр. Бұлай жалғаса берсе төрт түлік күйсізденіп, мал басын қысқартуға тура келеді.

Ғалия Жәкенова, ауыл тұрғыны:

Біз енді осы бір-екі сиырымызды сатып, қаладан азық-түлігімізді әкелеміз. Ауылдың іші ғана біздікі . Мына жердің барлығын менікі деп отыр. Тіршілік жоқ қой, балам барлығы қалаға кеткен. Енді осы тұрған екі сиырымды ұстатын түрі жоқ.

Тұрғындар бұл мәселені айтып сан мәрте шағымданған. Жергілікті билік көршілес ауылдармен шектесетін аймақтарды, алыс жайылымдарды пайдаланудың жолын ұсынған. Құстың қанаты талатын ту алысқа жылқы жаюға, қолдағы малын қыстаққа айдап алажаздай ағарғансыз қалуға жұрт қарсы болыпты.

Арман Дардақов, Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары:

Елді түсінеміз күнде малын қарап жүргені жақсы. Бірақ жағдайға қарау керек қой. Жер жоқтықтан оны айтып жатырмыз. Осындай ұсыныс беріп жатырмыз. Совхоз уақытынан бұл жерде егістік, суармалы жерлер болған. Енді қазір инвесторлар соны көтеремін деп келді. Ауылдың тұрғындарын жұмысқа тұрғызамын деген жоспарлары бар.

«Суармалы жерлерді дамыту» бағдарламасы аясында ауқатты инвестордың иелігіне өткен жерде байырғы тұрғындар осылайша жайлымнан таршылық көріп отыр.  «Фермердің қолындағы құжаттардың барлығы заңды»,-дейді әкімдік өкілдері. 2017 жылдан бері  ауданда осы жайылымдық жерлерді реттеуге қатысты кешенді жұмыстар қолға алынған. Бірақ оның тегісжолдықтарға шарапаты болмапты.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу